Өзбекстан аумағында қазақстандық туристердің ұсталғаны расталды
Өзбекстан аумағында қазақстандық туристердің ұсталғаны туралы ақпарат расталды. |
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің консулы Бабыр Дәуренбек хабарлады.
Оңтүстік Қазақстанның тауларында 12 туристің жоғалып кеткенін, олардың төртеуі -ересек, қалған сегізі - кәмелетке толмағандар екені бұған дейін хабарланған болатын. Шымкенттен шыққан топ Сайрам шыңына көтерілмек болған.
Дипломаттың айтуынша, Ташкент облысының Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінен хабарлағандай, Қазақстан азаматтары 14 шілде күні Өзбекстан аумағында ұсталған.
Қазір ересек төртеу Ташкент облысының Қибрай қаласындағы Оңалту орталығында отыр. Ал кәмелетке толмағандар осы облыстың Янгиюль қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы мекемеде. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес, дейді Б.Дәуренбек.
Қазақстан елшілігінің өкілі осы оқиғаға қатысты басқа да толыққанды мәліметті бүгін, 28 шілде күні осы істі жүргізуші тергеушіден естіп-білуді және ұсталған Қазақстан азаматтарымен кездесу мәселесін шешуді жоспарлап отыр, деді консул.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін