"Бәсекелестік тым жоғарылап кеткен, сондықтан олармен жарысқа түсудің еш мәні жоқ. Одан да күш-жігерімізді болашағы бар, шамамыз жететін салаларға жұмсайық дегенді жиі естимін. Алайда, бұл шынымен де солай ма? Ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, тек импортқа сенім арту қаншалықты қисынды? Әрине, бұл дұрыс емес. Қазіргі бәсекелестік тек жеңіл өнеркәсіпте ғана емес, нарықтың барлық саласында өсіп жатыр. Сол себепті бәрін бәсекелестікке жаба салу аргумент емес", — деді Дариға Назарбаева.
Ол осы ретте көрші елдерге назар аударыңдар деп айтты.
"Сондықтан бостан-босқа қол қусырып, ештеңе істемей отыруға болмайды. Шамамыз жеткенше қолда бар мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек. Мына тұрған көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстанға қараңыздар. Бұл елдердің тауарлары Қазақстанда отандық өнімге қарағанда, бірнеше есе көп сатылатыны шындық қой", — деді Сенат спикері.
Бұған дейін, Бүгін Сенаттағы парламенттік тыңдауда Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіп саласының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, бұл салада импорттың үлесі өте көп. Мемлекеттік тапсырыс берушілердің көбі төмен бағаға қызығады. Сондықтан алып-сатарлар арқылы шетелден тауар көп келеді.