Өзбекстан президенті И.Кәрімов Ташкент пен Бұхарадағы кешегі лаңкестік әрекеттер шетелдік экстремистердің ықпалымен жасалды деген сенімде - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өзбекстан президенті И.Кәрімов Ташкент пен Бұхарадағы кешегі лаңкестік әрекеттер шетелдік экстремистердің ықпалымен жасалды деген сенімде

Өзбекстан президенті И.Кәрімов Ташкент пен Бұхарадағы кешегі лаңкестік әрекеттер шетелдік экстремистердің ықпалымен жасалды деген сенімде

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов республика халқына арнаған кешегі мәлімдемесінде Ташкент пен Бұхарадағы лаңкестік әрекеттер шетелдік экстремистік топтардың ықпалымен жасалды дегенге сенім білдірді,- деп хабарлайды Би-би-си.

  • 30 Наурыз 2004
  • 640
Фото - Caravan.kz

Ресми билік таратқан ақпаратқа сәйкес, жалғаса орын алған жарылыстар мен өкімет өкілдеріне жасалған шабуылдардан 19 адам қаза тауып, 26 адам жараланды. Қаза тапқандар арасында бір бала бар. Сондай-ақ, Ташкент базарының жанында болған екі жарылысты екі жанкешті әйел жүзеге асырды деген ақпарат та ресми дәлелденіп отыр. Сөйтіп, Орталық Азия аймағында жанкештілерді пайдалану оқиғасы алғаш рет кездесті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ташкенттегі жарылғыш зат жергілікті милицияның күнделікті сап түзейтін жерінде жарылған. Жорамалға сәйкес, лаңкестік шараны ұйымдастырушылар шын мәнінде милиция қызметкерлерін нысанаға алғанға ұқсайды. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күштілігі соншалық, зардап шеккен адамдардың быт-шыт болған денесі жан-жаққа шашырап кеткен.
Құқық қорғау мекемелерінің мәліметі бойынша, лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды.
Бұхара облысы Ромитан ауданында күшті жарылғыш затты құрмақ болып жатқан жерде лаңкестердің өздері жарылып кеткен. Тоғыз адам мерт болып, қалғандары ұсталды деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Кеше сондай-ақ, Бухарада да бірнеше жарылыс болды. Қаланың түрлі аудандарында болған жарылыстардан зардап шеккен құрбандар туралы нақты мәлімет таратылмай отыр.
Өзбекстан ұлттық ақпарат агенттігі арқылы өзбек өкіметі таратқан ресми хабарламаға сәйкес, жарылыстар алдында Ташкенттегі құқық қорғау мекемелері қызметкерлеріне бірнеше шабуыл жасалған. Атап айтсақ, 28-наурыз күні кешкісін беймәлім біреулер құжат тексеру үшін тоқтатқан милиция қызметкерлерін атып кеткен. Жорамал бойынша, бұл лаңкестер әрекеті деп саналуда. Құқық қорғаушылардың бірі қаза тауып, тағы біреуі жараланды. 29-наурыз күні таңертең белгісіз біреулер күзет қызметінің қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Соның салдарынан екі милиция қызметкері өлім құшты.
Жалғаса орын алған жарылыстар мен өкімет өкілдеріне жасалған шабуылдарды тексеру үшін Өзбекстан президентінің басқаруымен арнаулы үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына республикалық прокуратураның, ІІМ мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшылары қамтылды.
Осындай комиссиялар облыс хокимдерінің (әкімдерінің), облыстық құқық қорғау органдары мен лаңкестікпен күрес жөніндегі жетекші мамандардың басшылығымен барлық облыс орталықтарында құрылды.
Бұл Өзбекстан тарихында болған екінші ірі лаңкестік шаралары. 1999-жылдың ақпан айында Ташкентте болған жеті жарылыс салдарынан 20 адам қаза тапқан. Ол кездегі лаңкестік әрекеттердің жауапкершілігін билік , болжам бойынша, «Аль Каида» лаңкестік желісімен байланысы бар Өзбекстан ислам қозғалысына жүктеген.

Соңғы жаңалықтар