Оның айтуынша, бұл банк қызметін ұсынатын алтыншы шет мемлекет болмақ.
«Сәуір айында Өзбекстанда еншілес банкті ашу жөніндегі лицензияны толықтай аламыз. Еншілес банкті орналастыру үшін ғимаратты таңдап қойдық. Бұл біздің банктің қызметі ұсынылатын алтыншы ел болмақ. Алдымен заңды тұлғаларға қызмет көрсетеміз, ал жеке тұлғаларға жыл соңына қарай қызмет көрсететін боламыз», — деді ол.
Сонымен қатар ол 2018 жыл қазақстандық қаржы секторы үшін оңай болмағанын, соның бірі Халық және Қазком банктерінің біріктіру жұмыстары екенін айтып өтті.
«Банк жүйесін сауықтыру процесі нарықтан бірқатар проблемалы ойыншылардың кетуіне және кейбір банктерге көмек көрсетуге себеп болды. Сондай-ақ, Halyk және Qazkom — ең ірі қаржы институттары клиенттерге арналған жаңа мүмкіндіктері бар мықты біріктірілген банк құру үшін өз инфрақұрылымдарын, технологиялары мен командаларын біріктірді, қазір ол нарықтың үштен бір бөлігінен артық үлеске ие»,-дейді ол.
Сондай-ақ ол, аталған екі банкті біріктіру жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында аяқталғанын және Халық банкінің алдында үлкен мақсаттар тұрғанын жеткізді.
«Бүгін Халық банкінің алдында жаңа мақсат тұр. Қазақстанның 2020 жылы ДСҰ-ға кіруіне орай нарықта жергілікті ойыншылармен де, шетелдік қаржы институттармен де тиімді бәсекелесуге дайын болуымыз қажет», — деді Ү.Шаяхметова.
Басқарма төрайымы 2018 жылдың қорытындысына тоқталып, өткен жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың таза кірісі 46,7% өсіп, 254,238 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын айтып өтті.
«2018 жылдың қорытысы бойынша таза пайыздық маржа 2017 жылғы 4,9%-дан 5,1%-ға дейін өсті. Сонымен қатар 2018 жылғы 12 айдың қызметтер мен комиссиялар бойынша кірісі 2017 жылмен салыстырғанда 29,2%-ға өсті», — деді ол.