Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, түнгі сағат шамамен 3.30-да Самарқанд қонақтары, олардың үшеуі Қазақстаннан, біреуі Ташкенттен, жергілікті түнгі клубтан шыққан. Туристер такси күтіп тұрғанда екі полиция қызметкері келіп құжаттарын көрсетуді, кейін олармен бөлімшеге баруды сұраған.
"Олар Самарқандта коменданттық сағат екенін айтты. Фото, видео және өтініш бар. Заңға сүйене отырып не үшін ұстағанын түсіндіруді өтінгенімізде, жауап алмадық. Ташкент пен Самарқандта заң бөлек болмаса", — деді зардап шеккендердің бірі, оның сөзін Podrobno.uz басылымы келтірді.
Ер адам бірнеше минуттық үзілістен кейін тағы полицейлер шақырылып, туристерге электршокер қолданылғанын айтты.
"21 мамырға қараған түні Самарқанд ІІБ патрульдік-күзет қызметінің қызметкерлері Мирзо Ұлықбек көшесіндегі туристердің жеке басын тексеру барысында кәсіби этика нормаларын өрескел бұзып, қызмет бабын және арнайы техникалық құралдарды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін теріс пайдаланған", — деп жазды Өзбекстан ІІМ ресми өкілі Telegram-да.
Ол аталған дерек бойынша ІІМ жеке қауіпсіздік қызметі прокуратура органдарымен бірлесіп қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын айтты. Оның қорытындысы бойынша заңды бұзған барлық қызметкерді, сондай-ақ олардың басшыларын жауапқа тарту және қызметтен шеттету туралы мәселе қаралады.