Өзбекстанда ұсталған кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларымен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өзбекстанда ұсталған кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларымен кездесті

Өзбекстанда ұсталған кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларымен кездесті

Өзбекстан аумағында ұсталған Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан елшілігінің консулы Бабыр Дәуренбек хабарлады.

  • 29 Шiлде 2011
  • 412
Фото - Caravan.kz

Ата-аналар Янгиюль қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы мекемеде болып, балаларымен сөйлесті, олардың жағдайларын өз көздерімен көре алды және оларға киім-кешек, азық-түлік және жеке тазалық бұйымдарын табыс етті. Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, оларға үш рет тамақ беріледі, медициналық бақылау, демалыс уақыттары ұйымдастырылған, деп хабарлады дипломат.

Б.Дәуренбектің айтуынша, ата-аналар арнайы мекеменің басшылығымен де жеке сөйлесіп, балаларының тұрып жатқан жерлерінің жағдайы туралы сауалдар қойды. Ал балаларымен кездескеннен кейін, ата-аналардың жүректері орындарына түсті. «30 шілде күні балаларды Қазақстанға жөнелту жоспарланып отыр. Қазір тиісті құжаттар ресімделуде», дейді консул.

Бұл мәселе Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің бақылауында және қазақстандық дипломатиялық өкілдік бұл мәселені оң шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Оңтүстік Қазақстанның тауларында 12 туристің жоғалып кеткені, олардың төртеуі — ересек, қалған сегізі кәмелетке толмағандар екені бұған дейін хабарланған болатын. Шымкенттен шыққан топ Сайрам шыңына көтерілмек болған, алайда Қазақстан азаматтары 14 шілде күні Өзбекстан аумағында ұсталған. Қазір ересек төртеу Ташкент облысының Қыбырай қаласындағы Оңалту орталығында отыр. Ал кәмелетке толмағандар осы облыстың Янгиюль қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы мекемеде.

8 жасөспірімді 30 шілдеде елге қайтару жоспарлануда, ал ересектер тергеу амалдарының аяқталғанын және сотты күтеді. Оларға «мемлекеттік шекараны заңсыз кесу» және «контрабанда» баптары бойынша айып тағылуда.

Өзбекстандық шекарашылар ұстаған жерлестеріміздің бірінен 100 оғы бар «Сайга» маркалы аңшы мылтығының табылуы істі қиындатып отыр.

Соңғы жаңалықтар