Өзбекстанда жер сілкінінен 13 адам қаза болды
Өзбекстанда шілденің 20-на қараған түнде болған жер сілкінісінен 13 адам қаза болды, деп Өзбекстан төтенше жағдай министрлігі хабарлады. |
ТЖМ мәліметтерінше, тағы 86 адамға медициналық жәрдем көрсетіліп, олардан 25 адам ауруханаларға жатқызылды.
20 шілде күні 00:35 сағатта Өзбекстан территориясында жер сілкінісі тіркелді. Оның ошағы Ташкеннен оңтүстік-шығыс бағытта 235 км жерде, Қырғызстанда болды. Эпицентрдегі жер сілкінісінің магнитудасы 6,5-7 балл болды.
«Ташкент» сейсмикалық станса мәліметтерінше, Өзбекстан астанасында, сондай-ақ Әндіжан, Ферғана облыстарындағы жер сілкінісінің қуаты 5 аблл, Наманған облысындағы жер сілкінісінің қуаты – 4 балл болды.
Министрліктің мәліметтерінше жер асты дүмпуі салдарынан Ферғана облысының Бағдад, Риштан және Өзбекстан аудандарындағы елді мекендерде жекелеген ескі үйлер қираған.
Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ел үкіметіне жер сілкінісінің зардабын жою бойынша шұғыл шара қолданып, зардап шеккен адамдарға жан-жақты көмек көрсету туралы тапсырма берді.
Қираған жерлерде жер сілкінісінің зардабын жою жөніндегі оперативтік штаб және ТЖМ апаттық-құтқару бөлімшелері жұмысын бастады.
Жергілікті билік органдары қаза болғандарды жерлеуге көмек көресту шараларын толығымен өз мойнына алды.
Қазір арнайы құрылған комиссия апат ауқымы мен қаза болғандардың санын анықтауда.
Жоғарыда айтылғандай, 20-шы шілдеге қараған түні Қырғызстан республикасының территориясында жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі Алматыдан 534 км оңтүстік-шығыста, координаттары 40° 26′ с.е. және 71° 39′ ш.б. нүктесінде болды. Жер асты дүмпуі MSK-64 шкаласымен Алматыда – 2 балл, Шымкентте – 3-4 балл, Таразда – 3 балл болды.
ҚР ТЖМ мәліметтерінше Қазақстанда қирандылар болғаны туралы мәліметтер келіп түскен жоқ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін