Оның айтуынша, клиниканың заңгерлері Ош қаласының тергеу абақтысында қамауда болған Өзбекстан азаматтарына бір жылдан бері құқықтық қолдау көрсетіп келген. Ш.Жақыпованың айтуынша, депортацияланған төрт азаматтың БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының басқармасы берген босқын мандаты болған. Ал Қырғызстан — босқындар мәртебесі туралы конвенцияға біріккен ел ретінде осы құжаттың 35-бабына сәйкес аталмыш ұйымның шешімін құрметтеуге тиіс. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының басқармасы Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастағы күрделі саяси ахуалды ескеріп, әлгі азаматтарды үшінші елдерге көшіруге талай мәрте әзірлік танытқан.
«Қырғызстанның Жоғарғы соты Өзбекстан азаматтарына босқын мәртебесін беруден бас татқан кезде біз Женевадағы адам құқықтары жөніндегі комитетке өтініш жолдадық. Ондағылар біздің мәлімдемемізді тіркеп, Қырғызстан үкіметіне тиісті шешім шығарылғанға дейін экстрадицияға жол бермеу жөнінде нұсқау берді»,- дейді құқықтық клиниканың директоры. Ш.Жақыпованың айтуынша, осы мәселеге қатысты ақпаратты Қырғызстан үкіметі осы жылдың қыркүйек айында таныстыруға тиіс болатын.
Ал Өзбекстанның бесінші азаматында баспана сұраушы деген мәртебе болған. Ш.Жақыпованың айтуынша, оған босқын мәртебесін беруден бас тарту жөніндегі шешімді миграциялық билік дәл экстрадициялау алдында ғана асығыс әрі құпия шығарған. Соның салдарынан әлгі адам шешімге сот тәртібімен қарсылық білдіру құқығынан айрылды.
Ш.Жақыпованың пікірінше, Өзбекстан азаматтарын еліне қайтарып беру туралы шешім президент Құрманбек Бакиевтің алдағы Ташкентке межеленген сапарына дайындалуға байланысты болмақ.
«Бұның саяси шешім екенін біз түсініп отырмыз»,- деді клиника директоры. «Адамдар еліне қайтарылды. Оларды алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Осындағы адвокаттар тобы қолдан келер қайраны болмай құлазып қалды. Біз билік тарапынан мұндай құқыққа томпақ қадамды әсте күткен жоқпыз. Біз күні бүгінге дейін экстрадициялау туралы шешімнің көшірмесін ала алмай отырмыз. Өз басым мұндай құжаттың тиісті тәртіппен рәсімделгеніне күмәнім бар. Олай болмаған күнде адамдарды партизандық тәсілмен елден шығару, прокуратураның қарама-қайшы мәлімдемелері мен түрлі құрылымдардың ұстанымдарының өзара келісілмеуін не деп түсіндіреміз?»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстан былтырғы жылдың мамыр айындағы Әндіжан оқиғаларынан кейін елге қашып келген бес босқынды Өзбекстанға кеше қайтарып берді. Өзбекстанның бес азаматының төртеуінде босқын мәртебесі, ал бесіншісінде бас сауғалаушы деген мәртебе болған.
Оларға ресми Ташкент аса ауыр қылмыстар жасаған деген айып тағып отыр.