Өзбекстандық инвестор Түркістан облысында тігін фабрикасын ашады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өзбекстандық инвестор Түркістан облысында тігін фабрикасын ашады

Өзбекстандық инвестор Түркістан облысында тігін фабрикасын ашады

Түркістан облысында екі тігін фабрикасы салынады. Солардың бірін өзбекстандық инвесторлар іске асырады. Өзбек елі өндірісінің өрісін кеңейту үшін кәсіпорынды Қазақстанда ашуды жөн көріп отыр.

  • 3 Тамыз 2020
  • 24
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Хабар 24-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"2 мың адамды жұмыспен қамтитын екі кәсіпорын ашылады" деп түркістандықтар бөркін аспанға атып отыр. Солардың бірі облыс орталығындағы индустриалды аймақта бой көтереді. Мұнда Өзбекстан өз есебінен тігін фабрикасын салады. 

Түркістан облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Өзбекстан тарапынан мың адамға жұмыс орнын ашу үшін бір тігін фабрикасы салынатынын айтты.

"Яғни барлық инвестиция осы Өзбекстан тарапынан болады. Осы фабрикаға қосымша 1 мың орынға арналған тігін фабрикасын саламыз. Сонда Түркістан қаласында мың орындық, Кентау қаласында мың орындық, яғни 2 мың орынға арналған тігін фабрикасын саламыз деп отырмыз", — дейді ол.

Құрылыс жұмыстарын тамыз айында бастау жоспарланған. Осыған орай Өзбекстанға Түркістан облысынан арнайы делегация келіп, көрші ағайынның технологиясымен танысып қайтты. Телеарна тілшісінің айтуынша, Қазақстанда ашылатын кәсіпорында өзбектер костюм, сырт киім мен спорт киімдерін тігеді.

"Өзбекстан тарапынан салынатын мың орындық жерде барлық қыз-келіншекті оқытады. Қалай жасау керегін, матаны қай жақтан алу керегін, қандай киімдерге тігу керегін. Бүкіл технологиясын үйретеді", — дейді Нұрбек Бадырақов.


"Тігісті үйрендік. Біріншіде оңай нәрселерді тігіп үйрендік. Қазір спецовка, курткаларды, костюмдерді тігіп жатырмыз. Бәрін үйреніп, алдымызда отырған қыздарға үйретеміз білмегендерін. Сосын білмегендерімізді олардан сұраймыз", — дейді тігінші   Гүлмира Шыныбекова.

Өзбектерге қойылатын талап — табысы төмен һәм мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен қыз-келіншектерді тігін ісіне үйретіп, жұмысқа орналастыру. Қазақстан өз тарапынан барынша қолайлы жағдай жасайды.

Атап айтқанда, индустриалды аймақта жерді төмен бағамен жалға береді әрі инвестициялық келісімге сәйкес барлық баж төлемдерінен босатады.

Өзбекстан — мақта өсіретін әлемдегі мықты 10 елдің бірі. Сондықтан Түркістан облысында салынатын кәсіпорын Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін өрге сүйреуі тиіс, дейді телеарна тілшісі.

Соңғы жаңалықтар