“Жерге түсіңдер”: Журналист бірнеше боксшыға ескерту жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 514.5
  • 582.67
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
7 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Жерге түсіңдер”: Журналист бірнеше боксшыға ескерту жасады

“Жерге түсіңдер”: Журналист бірнеше боксшыға ескерту жасады

Спорт журналисі Аслан Каженов бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың жоғары жылдамдықпен көлік айдағанын сынады.

  • 18 Сәуiр
  • 104
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Журналистің айтуынша, бокстан әлем чемпиондары Шымкентте бас қосқан. Олардың арасындағы Санжар Тәшкенбай көлікті жоғары жылдамдықпен айдап, видеоны желіде жариялаған.

“Жігіттер, жерге түсіңдер…

Боксшыларды өте жақсы танимыз. Барынша ақпараттық қолдау танытып жүрміз. Бірақ, артық кетіп бара жатса, сынап та алатыным бар. Бүгін ұлттық құрама өкілдері Шымкентте өзара бас қосып, көлікпен сауық құрған видео жарияланды. Әсіресе, Санжар Тәшкенбай тізгіндеген темір тұлпардың сағатына 174 шақырыммен кетіп бара жатқанын көріп шошыдым. Шошыдым әрі алаңдадым. Сонша қайда асықтыңдар және осындай видео жариялаудың қажеті қанша?!

Жігіттер, иә чемпионсыңдар. Халық та соны бағалап, аузынан жырып барын беріп жатыр. Бірақ, сый-құрметті көтере білу керек. Қарапайым адамдар жылдамдықты алпыстан асырса айыппұл арқалап, төлей алмай қиналады. Ал, мына жерде — 174! Екіншіден, қауіпсіздік. Жолда небір жағдай болады. Құдай сақтасын, әрине. Өздеріңді де, өзгені де қауіпке тікпеңдер. Сәл жерге түсіңдер. Керісінше, көпке үлгі болуларың керек. Сәттілік!”, — деп жазды ол.

Аслан Каженов жариялаған скринде Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай, Төрехан Сабырхан, Махмұд Сабырханның парақшалары белгіленген.

Алайда, аталмыш видеоны Санжар Тәшкенбайдың желідегі парақшасынан таба алмадық. Боксшы сыннан кейін өшіріп үлгерген секілді.

Желі қолданушылары боксшыларға өзбек спортшыларынан үлгі алуға кеңес беруде.

”Өзбектер сияқты қатты болу керек. Олар мұндай жеңіл күлкі, ерсі әрекетке жол бермейді”, “Семіздікті қой ғана көтереді деген рас”, “Кәсібиліктің әбден жоқтығы. Спорт мәдениеті де жоқ”, “Бұлар тек өзбектерден ұтылғанда жерге түседі”, — деп жазды олар.