«Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық»: Танымал ақын қазақ балалар әдебиетінің бүгіні жайлы - kaz.caravan.kz
  • $ 480.55
  • 533.75
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
7 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық»: Танымал ақын қазақ балалар әдебиетінің бүгіні жайлы

«Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық»: Танымал ақын қазақ балалар әдебиетінің бүгіні жайлы

Жадыраған жаз келіп, оқушылар демалысқа шыққан сәтте, ата-аналарда жасөспірімдердің жазғы демалысын қалай өткізу керек деген заңды сауал туындайды.

  • 25 Маусым
  • 1960
I love to read

Осы орайда, интернет пен қаптаған гаджеттен балаларды алыстату мақсатында, кейбір ата-ана үйдегі тентектерін жазғы лагерьге беруге асықса, енді бірі түрлі үйірмелерге жазып, олардың уақытын барынша тиімді өткізуіне мән береді. Ал, рухани жан азығы болып саналатын кітапты бүгінде балалар оқып жүр ме? Оның ішінде қазақ тіліндегі балалар туындыларына сұраныс қандай? Жалпы, қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Аталған сауалдарға жауап алу мақсатында,  Сaravan.kz тілшісі белгілі ақын, балалар әдебиеті тақырыбында қалам тербеп жүрген Олжас Қасыммен тілдескен еді. 

Олжас, балалар әдебиеті десе, күні бүгінге дейін Б. Соқбақбаев, М. Әлімбаев, Т. Молдағалиев сынды классик қаламгерлер ойға оралады. Жалпы бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі қалай? Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Осы тақырыпта қалам тербеп жүрген ақын ретінде пікіріңізді білсек? 

— Иә, интернет пен ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқан заманында балалардың кітап оқуға деген ынтасы жыл сайын төмендеп келе жатқаны ақиқат. Бірақ баланы рухани тұрғыдан тәрбиелеп, оларға ұлттық құндылықтарды сіңіруде өзіміздің төл әдебиетіміздің алар орны бөлек. Оның ішінде қазақ тілді балалар кітаптарының саны артса екен тілегіміз де бар. Әрине, соңғы жылдары балалар әдебиетіне көптеп көңіл бөліне бастағанын мойындауымыз керек. Президенттің өзі осы бағытқа назар аударып отыр. Мәселен, алғаш рет «Балалар әдебиеті» жылы жарияланды. Одан кейін мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Осының аясында біраз шаралар ұйымдастырылатын болады. Соның бірі Президенттің 35 жасқа дейінгі жастар арасындағы арнаулы әдеби сыйлығын тағайындауы болды, соның тұңғыш иегері мен болдым. Бұл да бір жас қаламгерлерге көрсетілген қолдау деп білемін. Сосын қазір «Әдеби панорама» деген жоба қолға алынып жатыр. Жоба аясында жас жазушыларға 4 млн ақшалай сыйақы беріледі деп күтіліп отыр. Одан бөлек, балалар әдебиеті тақырыбында жазып, оны Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынып, содан «Мемлекеттік сатып алу» бағдарламасы арқылы өткізуге болады. Міне, осылардың барлығы балалар әдебиетіне жасалған қолдау. Сол сияқты қаншама байқаулар өтеді, соның бәрі осы бағыттың ілгерілеуіне ықпал етіп отыр. 

Қазақ балалар әдебиеті бүгінде қандай қиындықтармен бетпе бет келіп отыр?

— Қазір балалар әдебиеті тақырыбында қалам тербеп жүрген қаламгерлер көбейді. Алайда олардың туындыларын жарыққа шығару жағы кенжелеп қалып жатыр. Неге? Мәселе сол баяғы қаржыға келіп тіреледі. Шыны керек, авторларға төленетін қаламақы мөлшері тым аз. Сосын баспагерлер осы тақырыпта жазатын жазушылардың туындыларын сирек басады, егер автор аса танымал болмаса, тіпті олардың шығармалары басылмай қалуы да әбден мүмкін. Авторлар өзі шығарған туындысының ақысына бар-жоғы сол кітапты сатып ала алады. Осыдан кейін, балалар әдебиеті тақырыбына жазатын қаламгерлер қайдан көбейсін? Айтпақшы, бұған иллюстратор мәселесін қосыңыз. Себебі кітап бүлдіршіндерге арналған соң, онда міндетті түрде сурет болуы тиіс. Ал, иллюстраторлар тек бір параққа салынатын суретке кем дегенде 20 мың теңге алады. Бір кітапқа осындай қанша сурет керек, есептей беріңіз… 

Кітаптарды басу, сату жағы қалай? Отандық баспалар тарапынан қызығушылық бар ма? 

— Бұл балалар әдебиетіндегі тағы бір проблема. Неге екенін біздің баспагерлер танымал шетелдік әдебиетті басып шығаруға әуес. Оның ішінде, мысалы өздеріңіз білетін «Дымбілместің айға саяхаты»,«Том Сойердің бастан кешкендері», «Итбас» т.т. бар. Басқаша айтқанда, өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық дегенмен бірдей. Әрине, нарықта оларға деген сұраныс көп, содан болар ондай туындылар мыңдаған тиражбен басылып шығарылып жатады. Сондықтан, отандық баспа иелерінің құлағына алтын сырға, өзіміздің авторлардың туындыларын жарыққа шығару ісіне де ден қойса… Себебі, қаракөздерімізге қазақы тәрбие береміз десек, ең алдымен оларға рухани азық болатын кітаптарды қазақыландырып, барынша ана тіліндегі шығармаларды ұсынуымыз тиіс. 

Осы ретте, балаларға арналған қазақ тілді контент тақырыбының бір ұшы шығып отыр. Өткенде белгілі журналист Ертай Нүсіпжанов ұсынған шетелдік мультфильмнің қазақ тіліндегі «нұсқасы» көпшілік тарапынан қолдауға ие болып, кеңінен танылған болатын. Демек қоғам, оның ішінде балалар әлемі әлі күнге дейін қазақша контентке шөлдеп отыр. Бұған не себеп? Осы мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 

— Иә, көздің жауын алатын гаджет пен әлеуметтік желінің заманында балалардың ақпаратты қабылдау, танымын кеңейту өресі де өзгерген. Білсеңіз бізде балаларға арналған қазақ тіліндегі Youtube арналардың саны бар-жоғы 50-дің арғы-бергі жағы екен. Сондықтан осы мәселені де жылдамдатып қолға алсақ деген тілек бар. Әрине қазақ тіліндегі контент көлемі жыл сайын ұлғаймаса, кеміген емес. Енді тездетіп балаларды қызықтыратын, оларға ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін ана тіліндегі аудиовизуалды медиаөнімді әзірлеуді қолға алсақ, тіптен тамаша болатын еді. 

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, не істеу керек? 

— Қазір бүлдіршіндер сүйіп оқитын фэнтези, сосын ертегі, метаграмма, мысал т.б. жанрларды жаңғыртуымыз керек және оларды жүйелеп, баспаға жариялайтын бірегей мекеме болса дейміз. Яғни оның айналасына балалар әдебиетіне жазып жүрген авторлар мен иллюстраторлар шоғырланса… Әрине, қаржылық тұрғыда мұндай ұйымға министрлік қолдау көрсетуі тиіс. Бүгінде балаларды таң қалдырудың өзі қиын, сондықтан осы саланы түбегейлі зерттеп, олардың сұранысын қанағаттандыратын туындылар ұсынылуы қажет. Сол сияқты баспалардың ішінен балалар әдебиетіне арналған серия ашылуы қажет деп ойлаймын. Естеріңізде болса, кезінде «Жалын» баспасы «Жас толқын» сериясымен бірқатар жас жазушылардың туындыларын жарыққа шығарған еді. Дәл осы серияның арқасында бүгінде көптеген ақын-жазушының жинақтары басылып шықты. Айта кетейін, бұл ретте «Атамұра» баспасы «Мектееп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған әдебиеттеерді шығарып жатыр. Жақында Серікбол Хасанның «Бас бармақ» деген еңбегі оқырманға жол тартты. Сосын түрлі жанрдағы байқауларды жиі ұйымдастыруымыз керек. Мәселен, ертегі, өтірік өлеңдер байқауы… Әрине, мұның бәрі біздің тарапымыздан ұсынылатын ұсыныстар легі ғана. Соңғы шешім құзырлы министрлікте екені баршаға аян. 

Бүгінгі балалар әдебиеті тақырыбында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың ішінен кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

— Бүлдіршіндерге арналған шығармалар ұсынып жүрген авторлар, қазір шүкір көп. Солардың ішінде Қайырбек Шағыр, Серікбол Хасан, Қуат Адис, Мирас Асан, Зәуре Төрехан, Азамат Әбілқайыр, Ержеңіс Әбді, Алпысбай Хонж, Ретбек Мағаз, Салтанат Әбдіғали,  Бегзат Құлшар сияқты жас жазушыларды атап өтуге болады. Ал, біз балалар әдебиетінің классиктері Байбота Қошым-Ноғай, Арасанбай Естен, Ертай Ашықбаев, Құл-Керім Елемес, Серік Нұғымандардан үлгі алдық.

Әңгімеңізге рахмет!