Жарияланды: 30

"Өзгеріс байқалмайды": Депутаттар 5 жылдық жоспардың орындалмағанын мәлімдеді

"Өзгеріс байқалмайды": Депутаттар 5 жылдық жоспардың орындалмағанын мәлімдеді

Айқын Қоңыровтың айтуынша, бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің экспорты 19 процентке өседі деген жоспар болған. Алайда бұл – тым төмен көрсеткіш

Қазақстанның халықтық коммунистері индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын сынға алып, үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталып келеді. Біз қоғамға келген нақты нәтижені көрмей отырмыз. Өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жалпы саны көп болып көрінсе де, отандық экономикада сапалы өзгерістер байқалмайды. Бұл дегеніміз, негізгі мақсат орындалған жоқ", - деп басталады коммунистердің сауалы.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың айтуынша, бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің экспорты 19 процентке өседі деген жоспар болған. Алайда бұл - тым төмен көрсеткіш. Себебі бір жылға есептегенде 3,8 проценттік өсім ғана шығады. Ал ондай өсімді "үдемелі даму" деп атауға болмайды. Дегенмен, ол жоспардың өзі орындалған жоқ. Экспорт тек 14,6 процентке ғана артты. Сонда бір жылда 3 проценттен де төмен болып тұр.

"Өңдеу өнеркәсібі саласында еңбек өнімділігі 6,6 процентке ғана өсті. Алайда бас кезінде 22 процентке артады деген жоспар болған. Бұл дегеніміз, индустрияда сапалы өзгеріс мүлдем жоқ. Ал кейбір салаларда еңбек өнімділігі, керісінше, түсіп кетті. Мәселен, тамақ өнімдерін өндіру саласында өнім өндіру 5 процентке төмендеді, автокөлік құралдары – 13 процентке, ауыл шаруашылығы техникасы 28 процентке түсіп кеткен", - дейді Қоңыров.

Оның сөзіне қарағанда, екінші бесжылдықтың басында өңдеу өнеркәсібі саласында 552 мың адам жұмыс істеген. Бүгінде олардың саны 598 мыңға жетті. Сонда бес жылдың ішінде небәрі 46 мың қосымша жұмыс орны ғана ашылды.

"Осы салада орташа еңбекақы 137 000 теңгеден 209 000 мыңға дейін өсті. Алайда инфляцияның деңгейін ескерсек, бұл нөлдік өсім болып саналады. Доллармен санағанда жалақы 730 доллардан 540-ға дейін қысқарды. Осылайша, сапалы әрі жоғары төленетін жұмыс орындарын құру мәселесі шешілмей қалды", - деп атап көрсетті Қоңыров.

Коммунистер бес жылдық жоспардың орындалмағаны үшін кімді және қалай жауапқа тартатынын хабарлауды сұрады.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін