Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Әнші Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында оқиғаны толық баяндап берді.
«Карантин кезінде жекеме «Шабыттың» студенттері қоймай хабарласты. Ішкі түйсігім өте биік. Соған мүлдем кіріскім келмеді. Әліби деген студент педофилияға қатысты қылмыстық іске байланды. Өзім студенттерді тәрбиелейтін болғандықтан сағын сындырмайын дедім. Майра Ілиясова әпкеме хабарласып, біраз хат дайындадық. Пандемия кезінде сол хатқа марқұм Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжановтардан қол жинадым. Петицияға қол қойдық. Аэропорттың барлығы жабық уақытта амалын тауып Астанаға жібердім. Майра Ілиясовамен болған кикілжің маған ешқандай қатысы жоқ. Өмірімде көрмеген бір қазақтың баласына қатысты басталған болатын. Адвокаттарға ақша керек болып біз ақша жинадық. Ақша жиналды. Мен Алматыда болдым, көп жұмыспен Майра Ілиясова айналысты. Бір күні Әлібиге арналған телебағдарламада бір адвокат Әлібиді 7-8 рет Әлішер деді. Сосын мен ақша төленген адвокат болса, Әлібиді Әлішер деп отырса бұл не болды деп ойладым. Қатты өкіндім. Бағдарламадан кейін ешкімге қарамай, Қазмедиаеың аялдамасында 1 сағат отырып жыладым. Іске қатысқаныма, нәтижесіз болғанына өкіндім. Еңбегімнің ақталмағанын сезіндім. Үйге келіп Майра әпкеге хат жаздым. «Апай, елден жиналған ақшаға есеп берейік» дедім. Біз бір-бірімізбен келісе алмадық. Ол — халықтан жиналған ақша. Маған есеп керек болды. Менің атымның кірлегенін, күдікке ілінгенін қаламадым. Біраз уақыт өткен соң Әлібидің әпкесі, студенттер маған қайта жазды. «Әлібиді ұрып кетті, адвокаттар қайда» деді. Қайтадан басталды. Солай желіге жаздым. Ол кісі маған қарсы жазып, сені сотқа беремін деді. Ортамыз үлкен дауға ұласты», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол оқиғаның немен аяқталғанын және Әлибиді іздеп түрмеге барғанын да айтты.
«Ол 9 жылға сотталып кетті. Мен басталған істі аяқтағым келді. Жасаған жұмысымыз нәтиже келмегендіктен Әлібидің әпкесіне хабарласып, оның Ақтаудағы түрмеде екенін білдім. Ораза ұстаған екен. Дәл айт күні билет алып, шәкіртім деп айттым. 21 келі азық-түлік алуға болады екен. Дүкенге барып тамақ алдым. Ақтаудың шетіндегі абақтыға бардым. Алла сақтасын, ешбір пендеге түрмеге аттауын тілемеймін. Мен өзім танымайтын қазақтың қара домалақ баласын іздеп түрменің босағасын аттадым. Қатты толқыдым. Біз Әлібиге үміт бердік. Сол кезде атойлап жар салған әнші-блогерлердің жүгін мен арқаладым. Қолымнан келгенше басу айттым, жігерлендірдім. Анасы жоқ жетім бала. Мейлінше позитивті деңгейде сөйлестім. Содан қайтып қонақ үйге кіргенде мен босағада талып қалдым. Маған өте ауыр болды. Өйткені мен жоқ дегенде адвокат жалдап бере алмағаным үшін өзімді Әлібидің алдында кінәлі сезіндім», — дейді ол.