«Өзіміздікі, бірақ біздікі емес»: Қазақстандық өнім өз жерінде бәсекеге түсе алмай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 495.1
  • 583.72
-1 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Өзіміздікі, бірақ біздікі емес»: Қазақстандық өнім өз жерінде бәсекеге түсе алмай отыр

«Өзіміздікі, бірақ біздікі емес»: Қазақстандық өнім өз жерінде бәсекеге түсе алмай отыр

Қазақстан – мал шаруашылығының мыңжылдық дәстүрін сақтап келген, табиғаты мен жайылымы мол ел. Соған қарамастан, бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелуге мәжбүр. Неге?

  • 18 Қыркүйек 2025
  • 29
Фото: syrboyi.kz

Қазақтың жері кең. Мал шаруашылығының тарихы тереңде  жатыр. Осындай дәстүрі мен кең-байтақ жайылымына қарамастан, еліміз азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан тасымалдап келеді. Президент Жолдауда ауыл шаруашылығының бүгінгісін қатты сынға алып, «ұят» екенін ашық айтты. Неге қазақстандық фермерлер өз жерінде бәсекеге қабілетсіз болып қалған? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

«Біз ескі қателіктерден шыға алмай отырмыз» 

АӨК саласының сарапшысы, академик, «Ауыл» партиясы Президиумының мүшесі Төлеутай Рахымбеков бұл жағдайды соңғы жылдардағы аграрлық саясаттағы қателіктердің салдары деп бағалайды.

«Біз әлі күнге дейін 2010 жылдардағы жобалардың ауыр салмағын арқалап келеміз. Мәселен, Ресейге 60 мың тонна сиыр етін экспорттау жоспарын алайық. Өз нарығымызды толық қамтудың орнына экспортқа ұмтылдық. Бүгінде елге шамамен 550 мың тонна сиыр еті қажет, ал біз небәрі 400 мың тонна ғана өндіріп отырмыз. Мұндай жағдайда экспорт туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз», – дейді Рахымбеков.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда мал өсіру тарихқа үңілсек, шағын қожалықтарға сүйенген, ал мемлекеттік саясат басымдықты дұрыс қоя алмады. Яғни, әуелі бордақылау алаңдарын салудан бастады да, бұзауды өсіру, мал басын көбейту ісі назардан тыс қалды.

Ауылда адам жетіспейді 

Фермер Саян Баетовтың айтуынша, қазір отбасылық шаруашылық үшін ең қиыны адам тапшылығы. 

«Мал бағуға келетін адамдар барған сайын азайып барады. Сондықтан отбасылық фермалар 100-ден аса мал ұстай алмайды. Оған қарайтын және қызмет ететін адам жоқ. Ал біздің жағдайда малды тоғыз ай далада бағуға болады. Сол мүмкіндікті пайдалансақ, мал басын 300-ге дейін көбейтіп, табысты еселеуге болар еді», – дейді ол.

Фермер бұл проблеманы заманауи технологиялар арқылы шешіп жүр. Мысалы, смартфон арқылы қашықтан басқарылатын суат жүйесін орнатып, малды автоматты түрде есептейтін жүйе әзірлеп жатыр. Оның есебінше, бұл ферманың уақытын 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен мұндай шешімдер әзірге санаулы шаруашылықтарға ғана қолжетімді.

Ауылдан қалаға көшу күшейіп барады

Рахымбековтің айтуынша, ауылдар босап барады. 2024 жылы алғаш рет ауыл халқының саны қысқарды. Табиғи өсім 100 мыңға жетпей тұрғанда 117 мың адам қалаға көшкен.

«Ауылдан бәрі безіп жатыр. Оларды қайтару үшін ауыл шаруашылығындағы еңбекақы елдегі орташа жалақыдан кемінде 20 пайыз жоғары болуы тиіс. Қазір Қазақстанда орташа айлық – 340 мың теңге, ал ауыл шаруашылығында – 192 мың теңге ғана. Мұндай жағдайда кім ауылда қалады?» – дейді сарапшы.

Жем-шөп қымбат, кооперация жоқ

Сиыр ұстаудың өзіндік құнын көтеріп тұрған – жем-шөптің бағасы.

«Жақсы жылдардың өзінде шөптің тоннасы 25 мың теңге тұрады, ал өзіндік құны – 10–12 мың теңге. Бір сиырға жылына 3–5 тонна шөп қажет. Нәтижесінде малдан алған сүт пен ет шығынды ақтамайды», – деп түсіндіреді Рахымбеков.

Сарапшының пікірінше, мұны шешудің жолы – фермерлерді біріктіріп, жем-шөп пен инфрақұрылымды өз құнымен дайындайтын сервистік-тұтынушылық кооперация құру.

«Нақты пилоттық жоба қажет»

Екі сарапшы да реформалар нақты мысалдан басталуы тиіс деген пікірде.

«Кооперация әлемде жұмыс істейді, тек бізде ғана жүрмей тұр. Бұл – фермерлердің кінәсі емес, енгізудің қателігі. Бір толыққанды пилоттық жоба керек. Ол нәтиже берсе, басқа аудандар өздері-ақ қосылады», – дейді Рахымбеков.

Баетов болса, автоматтандыру мен ауыл жастарын цифрлық жүйелермен жұмыс істеуге үйретуге басымдық беріп отыр. 

Серпіліс мүмкіндігі бар

Рахымбековтің есебінше, дұрыс сервистік кооперация құрылса, фермерлердің табысы 8–10 есе, ауылдық округтердің бюджеті ондаған есе өсуі мүмкін.

«Иә, фантастика емес. Сервистік кооперация мен ойластырылған саясат болса, ауыл қайта жанданады», – деп түйіндеді сарапшы.

Қазақстанда жайылым да бар, дәстүр де сақталған, ресурс та жеткілікті. Сарапшылардың айтуынша, дәл қазір ауыл шаруашылықтарына көмек болатын реформалар мен нақты пилоттық жобалар керек.