Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлайды.
Instagram желісіндегі танымал парақшалардың бірінде пайда болған видеода қазақ және Торғайда туған орыс азаматының видеосы тарады. «Сәлеметсіз бе, сайлау туралы естуіңіз бар ма?» деп орысша сұрақ қойған жігітке, ұлты орыс ер адам қазақша сөйлеуін талап етті.
«Ассалаумағалейкум, сіз қазақ емессіз бе? Қазақша неге сөйлемейсіз? Мен орыс жігіті болсам да, қазақша сөйлеп тұрмын. Сайлауға түсіп жатқан партиялар арасында тек «Аманат» партиясын білемін, қалғандарын білмеймін. Торғайдан шыққан, мектепті алтынға бітірген бір азамат бар, соған дауыс беремін. Өзім Торғайда туып-өстім, содан қазақша білемін», — деп жауап береді ол.
Сұрақ қойған жігіт тосыннан қазақша жауап берген адамға «сасып» қалғанын айтады.
«Кешіріңіз, сасып қалдым ғой. Сіз сияқты жігіттер үлгі болып жүрсін, әсіресе орыс ағайындарға» дейді ол.
Желі қолданушылары ер адамның бұл әрекетіне сүйсінген.
«Қатырды. Алла разы болсын, жарайсыз, өзіміздің мәнгүрттер тілін шайнап жұргенде, бұл кісі айтып айтып тастады», «Орыс ағайындарғағана емес, өзіміздің қазақша білмейтін қазақтың мәңгүртеріне де үлгі болсын», «Жарайсыз, қай партиядан болса да, кім болса да, қойылым болса да, қазақша сөйлеп тұр ма, сөйлеп тұр, болды, басқа не керегі бар? Қазақтар орысша шүлдірлеп жүрміз ғой әлі, мұндайлардан үлгі алу керек дұрыс» деп жазды олар.