Ақтөбеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы капитанының денсаулық жағдайы ауыр күйінде қалуда, бірақ ол есін жиып келеді, деп хабарлайды, ҚазАқпарат.
8 ақпан күні Жедел медициналық жәрдем ауруханасына басына және бетіне тиген оқ жарақатымен ҰҚК әскери полициясының қызметкері жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оқ маңдай сүйегінен шыққан. Миға зақым келген. Операция 7 сағатқа созылды, екі хирургиялық бригада жұмыс істеді.
Емдеу жұмыстары жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Марат Жанқұлов осы уақытта жансақтау бөлімінде жатқан әскери полиция капитанының денсаулық жағдайы туралы айтып берді.
«Қазір оның жағдайы ауыр, бірақ, қан қысымы бір қалыпта. Не дегенмен, өте ауыр жарақат. Жағдайы жақсарып келе жатқандығы туралы айту әлі ерте. Себебі емдік процедуралар арқасындағы алдамшы жақсарулар болуы мүмкін. Нақты айту үшін кем дегенде тағы 10 күн керек. Қазір оның жағдайы ауыр, бірақ бірте-бірте есін жинап келеді. Сұрақтар мен дәрігердің нұсқаулықтарына бас изеп жауап береді», — деді ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, 32 жастағы әскери полиция капитаны 2030 әскери бөлімінде ату жаттығуларына жоспарлы дайындық кезінде тапаншадан өзінің басына оқ атқан.