Ақтау, Қостанай және Қызылорданың 1250 оқушысы Ozyq urpaq жобасы аясында робототехниканы инженерия, бағдарламалау және құрастыру бойынша сапалы білім алды.
«Роботек» робототехника мектебінің үздік мамандарынан тегін білім алған жергілікті мұғалімдер оларға алты айдай сабақ берді. «Роботек» ұзақ жыл бойы түрлі турнирде жүлделі орын иеленген дарынды балаларды дайындап келді.
— Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Ozyq urpaq жобасын жүзеге асырып, оқушылардың робототехника сияқты сұранысқа ие бағытқа деген қызығушылығын оятуға, заманауи білімді беруге тырысамыз. Сонымен қатар, өңірлерде ұстаздардың біліктілігін арттырамыз, — дейді «Роботек» робототехника мектебінің серіктестік желісі бөлімінің басшысы Сұлтанбек Қазиев.
Сұлтанбек Қазиев атап өткендей, былтыр жыл соңында «Роботек» Ақтау, Қостанай және Қызылорда қалаларынан 36 информатика пәнінің мұғалімін оқытқан. 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың 19 сәуіріне дейін осы қалалардың оқушылары үшін факультативтік сабақтар өткізді. Бұл үшін ұстаздарға Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан жалақы берілді.
Барлығы үш қалада 1300-ге жуық сабақ өткізіліп, әр сабақта теория мен тәжірибе ұштасты.
Балаларға сапалы білім беру мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру оң нәтижесін берді. Мысалы, Ақтау қаласының ұстаздарына Robotek Grand Tournament турнирінің қалалық кезеңінде 7-орын бұйырды. Қызылордада жобаға қатысушылар қалалық кезеңде 9-орын алса, облыстық кезеңде 4-ші орынды місе тұтты.
Оқу біткен соң мектептер robotek.pro білім беру платформасына бір жылға тегін жазыла алады.
Айта кетейік, Ozyq urpaq жобасының географиясы, қатысушылар саны сияқты жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың мамырына дейін Жезқазған мен Семейден 700 оқушы, 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Ақтау, Қостанай, Қызылорда қалаларынан 1250 оқушы оқытылды.