Екі елдің мемлекет басшысы экономика саласындағы өзара стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін сарапқа салды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сапар барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономика, банкаралық, білім беру және экология салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады.
Екі президент осы жолы қол қойылатын келісім құжаттары екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты мейлінше пәрменді дамытуға септігін тигізеді дегенге сенім білдірді.
Президент Мушарраф Қазақстан Елбасына өз еліндегі инвестициялық климат және Пәкістанның мүмкіндіктері туралы, шетелдік инвестицияны кеңінен тартуға мүмкіндік берген ел экономикасындағы оңды бетбұрыстар туралы әңгімелеп берді.
Екі мемлекеттің өзара экономикалық байланысы 90-шы жылдардың басынан бері қарқынды дамып келеді. 1993-жылдың қаңтар айында Қазақстан-Пәкістан экономикалық комиссиясының министрлер деңгейіндегі тұңғыш кездесуі өткен болатын. Ал Елбасы осы жолғы сапарында өзімен бірге еліміздің 30-ға жуық кәсіпкерін ала барды. Олар Пәкістандық әріптестерімен мұнай өндіру, ауылшаруашылығы, тоқыма өндірісі тәрізді салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы талқылайды.