«Параллель» сериалының авторлары жобаның басты мақсаты – халықтың, әсіресе жастар мен егде жастағы азаматтардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыру екенін алға тартады. Себебі, дәл осы санаттағы адамдар көбіне алаяқтардың құрбанына болып жатады.
Бас продюсер Айтолқын Ихсанова: «НТК телеарнасы бұған дейін де өз жобаларында алаяқтық тақырыбын көтерген. Бұл тақырып бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпай келеді. Алаяқтар үнемі жаңа айла-тәсілдер ойлап тауып, ең қорқыныштысы олардың қатарында қазір жастардың да көбеюі. Олар саналы түрде қылмыс жолына түсіп жатыр. «Параллель» телехикаясы ерекше жанрда, «алданған арман сюжеті» тәсілін пайдалану арқылы түсірілді. Мұндай формат көрерменге оқиғаны кейіпкердің көзімен сезінуге, оның өмірін іштей бастан кешіруге мүмкіндік береді. Тек финалда ғана көрермен шындық пен қиялдың, дұрыс пен бұрыстың, адал жол мен алдау жолының арасындағы шекараны анық түсінеді. Сериалдың атауы да осы қосарлы көзқарасты – шынайылық пен иллюзияны, таңдау мен жауапкершілікті білдіреді. Финал – адамның өмірін таңдау шешетін сәт», – дейді.

Телехикаяның сюжет желісіне үш дос: Ерасыл, Алпамыс және Сымбаттың оқиғасы негіз болады. Олар бала кезден тез байып, оңай табысқа жетуді армандаған. Алайда «байлыққа» бастайтын олардың жолы ақырында интернет-алаяқтыққа апарады. Бұл әлемде ар мен адамгершіліктің шекарасы жойылып, тез пайда табу ниеті ар-ожданды тұмшалайды. Бастапқыда достар ұсақ алдау әрекеттерімен шектеледі: онлайн платформаларға жалған хабарламалар орналастырып, аңғал сатып алушыларды алдайды. Кейінірек олар неғұрлым күрделі схемаларға көшеді: компаниялардың деректер базасын пайдаланып, «көлік ұтып алдыңыз» деген жалған оқиғалар арқылы сенімге кіреді. Алаяқтардың құрбанына қарапайым адамдар – зейнеткерлер, жас отбасылар, сәттілікке сенетін аңғал қолданушылар айналады. Бірақ бір күні олардың жолы ұлы полицияда қызмет ететін әйелмен түйіседі. Дәл осы кездейсоқтық олардың өмірін түбегейлі өзгертетін оқиғалар тізбегінің бастамасы болады. Қуғын, қорқыныш, кінә сезімі, ішкі арпалыс пен ар мен ашкөздіктің күресі – барлығы шиеленіскен сюжетке ұласады. Әр кейіпкердің қадамы оны өз тағдырындағы шешуші таңдау сәтіне жақындата түседі. Кім тоқтай алады, ал кім соңына дейін барады?

Телехикаяның режиссері Әсет Жұмақан көрерменге «Ұлы дала жанұясы», «Тойхана», «Ұстаз», «Самалмен сырласу» жобалары арқылы жақсы таныс. Оның режиссерлік қолтаңбасы – детальдарға мұқият қарау, кейіпкерлер мінезін терең ашу және әлеуметтік тақырыптарды шынайы бейнелеу. Ал телехикая түсірліміне Тұрсынбек Слямбеков, Ерсін Айтмұқаш, Эльмира Қалбай, Альбина Хамидуллина, Қажымұқан Қалымбетов, Нұржігіт Мергенбай, Жасұлан Айтен қатысты.
«Параллель» сериалының авторлары көрерменге көркемдік сапасы жоғары, динамикалық және эмоцияға толы туынды ұсынуға барын салды. Жоба психологиялық драма мен әлеуметтік хрониканың элементтерін біріктіре отырып, қазіргі қоғамның шынайы бейнесін көрсетеді. Онда интернет кеңістігіндегі шындық пен жалғанның арасындағы шекара барған сайын көмескіленіп бара жатқан әлем суреттеледі.
