Жарияланды: 310

Парижде EXPO-2017 көрмесін өткізуге қатысты Қазақстан мен Бельгия өкілдерінің баспасөз мәслихаты өтеді

Бүгін Парижде 2017 жылы EXPO Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге үміткер қалалар - Астана мен Льеж өкілдерінің баспасөз мәслихаты өтеді.

Баспасөз мәслихатында елордасы - Астананың атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, EXPO-2017 көрмесін өткізуге Астана қаласын дайындау мәселелері жөніндегі ұйымдастыру комитетінің басшысы Қайрат Келімбетов сөз сөйлейді, ол еуропалық және қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап беретін болады. Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия өңірінде және ТМД-да өткізілетін алғашқы халықаралық көрме болуы мүмкін. EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болған мемлекет жөніндегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) шешімі ағымдағы жылдың 22 қарашасында, ХКБ Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында шығарылатын болады. Онда 161 мемлекет жасырын дауыс беру арқылы EXPO-2017 көрмесін өткізуге ие болатын қаланы таңдайды. ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, аталмыш көрмені өткізу құқығын иеленуге Астана мен Белгияның Льеж қаласы үміттенуде. Қазақстанда Халықаралық EXPO-2017 көрмесі өткізілетін болған жағдайда, Астана әкімдігі жалпы аумағы 113 гектар жерді белгілеп қойды. Олардың 25 гектары - кешеннің өзіне, ал қалған бөліктер көліктер тұрағы мен сыртқы жабдықтауға, сондай-ақ EXPO-қалашығына арналған. Болашақ EXPO көрмесі аумағының ерекшелігі мен артықшылығы, оның жаңғырмалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуінде. Көрменің аумағында - Өмір, Бейбітшілік, Сана, Ғарыш атты 4 тақырыптық павильон орналастырылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін