«Әлемде трансгендік өнімдерді пайдалануға деген көзқарас әзірге әрқилы болып тұруы себепті орамаға, маркировкаға қойылар талаптарды қайта қарастыруды дұрыс санаймын. Онда трансгенді заттардың бар екені немесе жоқ екені көрсетілуі тиіс. Осылайша, азаматтарға таңдау құқығы беріледі. Генетикалық модификацияланған тамақ өнімдерін сатып алу керек па, жоқ па?», — деп мәлімдеді С. Есжанов.
Депутат қазіргі уақытта гендік инженерия ұшқыр дамып келе жатқанын және дүкен сөрелері мен дастарханымыздағы тамақ өнімдерінің көпшілігі генетикалық модификацияланған құрамдас бөліктерді пайдалану арқылы дайындалғанын атап көрсетті. Солай бола тұрса да, генетикалық модификацияланған өнімдердің адам ағзасына тигізер әсері соңына дейін зерттеліп біткен жоқ және тиісінше, оны қолдану-қолданбауды әр ел өзінше шешу үстінде.
«АҚШ-да мұндай өнімдер толық еркін түрде өндіріліп, пайдаланылса да, Еуропа бұл мәселеге аса сақтықпен қарайды. Ресей Федерациясында соңғы жылдары бұл мәселеге өте мұқият қарауда. Ресей ғалымдары тәжірибелердің бірінде егеуқұйрықтардың бірін кәдімгі, екеншісін трансгенді соямен қоректендірген. Нәтижесінде трансгенді соямен қоректенген егеуқұйрық ары қарай ұрпақ жалғастыра алмайтын әлсіз ұрпақты дүниеге әкелген», — деді С. Есжанов.
Қазіргі уақытта біздің базарларымыз шетел тауарларына толы. «Түріне қарасаңыз айтарлықтай тартымды. Алайда, олардың адам денсаулығына қалай әсер ететіні жөнінде еш нәрсе белгісіз. Оның үстіне өндірушілер жемістері бұзылмауы үшін алдын ала парафинмен және өзге де химикаттармен қаптайды», — деп мәлімдеді ол.
Мәжіліс депутаты сондай-ақ, мемлекеттің дүниежүзіндегі жағдайға мұқият зер салуы және қоғамды жағымсыз оқиғалар жайында хабардар етіп отыруы керектігін айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті