Жарияланды: 470

Парламент еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданысқа енгізуге бағытталған түзетулер енгізетін заңды қабылдады

Бүгін, 29-желтоқсанда өткен сенаттың жалпы отырысында халық қалаулылары "еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өмір бойы бас бостандығынан айыру және тұтқынға алу жазасын қолданысқа енгізуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Заң жобасын палатаның жалпы отырысында таныстырған ҚР әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосынов: "өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданысқа енгізу төтенше тәртіпті тағы бір колония құрылысын сауды талап етеді",- деп атап көрсетті. Оның айтуынша, мұндай абақты алдағы 2-3 жылда Павлодарда салынады. Бұл мерзімге дейін өмір бойы бас бостандығынан айрылғандар қазіргі қолданыстағы төтенше тәртіпті үш абақты мен Қостанай облысының Жетіқара ауылында әзірленген арнайы учаскеде жазасын өтейтін болады. Халықаралық стандартқа сәйкес, төтенше тәртіпті абақтыдағы бір камера өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген бір немесе төрт адамға есептелуі тиіс. Жетіқара ауылындағы арнаайы учаскеде бұл талап орындалады деді вице-министр. Ал Павлодарда салынатын төтенше тәртіпті жаңа абақтыдағы бір камера бір адамға есептеледі деді ол. Сондай-ақ, заңнамаларға енгізілетін түзетулерге сәйкес тұтқынға алу түріндегі жазаны да қолданысқа енгізу қарастырылады. Өз кезегінде бұл түзету әрбір облыста тұтқындар үйін салуды талап етпек. Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, бір ғана тұтқындар үйін салу үшін 450-500 млн. теңге қажет. Жалпы Республикамыз бойынша мұндай шығындар көлемі 8 млрд. теңгені құрағалы отыр. "Өкінішке орай бүгінге дейін облыстарда тұтқындар үйін салу шаралары қолға алынған жоқ, сол себепті біз жазаның бұл түрін 2008-жылы қолданысқа енгізу қажет деген мәселе көтеріп отырмыз",- деді С.Бекбосынов. "Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өмір бойы бас бостандығынан айыру және тұтқынға алу жазасын қолданысқа енгізуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін