«Біздің пікірімізше, бұл түзетулер заң жобаларының құрылымына нұқсан келтірмейді және тұжырымдамалық ережелерге өзгерістер енгізбейді»,- деді аталмыш құжаттар бойынша мәжілістің жұмыс тобының жетекшісі Сергей Киселев.
Сөйтіп, заң қабылданды деп танылып, мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.
Сенаттың кешегі жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заң жобасынан үкіметтік емес ұйымды қаржыландыруға міндетті түрде жергілікті атқарушы органның келісімін алу жөніндегі норманы алып тастауды ұсынған. Бұның орнына халық қалаулылары қаржыландыру жөнінде жергілікті атқарушы органды хабарландырып отыру туралы тәртіп енгізді.
Сенаторлар «Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң жобасына да түзетулер ұсынды. Атап айтсақ, «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілетін түзетулерден банктерге коммерциялық емес ұйымдардың банктегі есепшоттарына жергілікті атқарушы билік мекемелерінің келісімінсіз ақша аударуға тыйым салу жөніндегі ережені алып тастау ұсынылған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы» заңға сәйкес, шетелдік немесе халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін «азаматтар мен түрлі әлеуметтік топтардың саяси ерік-жігерін білдіру және олардың мүддесін мемлекеттік өкіметтің өкілетті және атқарушы билік мекемелерінде қорғау үшін» құруға рұқсат берілмейді. Сонымен бірге заң шетелдік немесе халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін ҚР әділет министрлігінде міндетті түрде аккредитациялау және тіркеу институтын енгізуді заңдастырады.
«Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер енгізеді. Бұл кодекске шетелдік немесе халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктеріне заңнамада белгіленген қаржыландыру тәртіптерін бұзғаны, жергілікті атқарушы билік мекемелеріне халықаралық ұйымдар мен шетелдік заңды тұлғалардың қаржысына шаралар өткізілетіні туралы құлағдар етпегені немесе дер кезінде хабарландырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеу туралы бап енгізіледі. Ал «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңға шетелдік немесе халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін ҚР әділет министрлігінде міндетті түрде аккредитациялау және тіркеу туралы норма енгізіледі.