Заң жобасын палата отырысында таныстырған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, «бұл жоба Елбасының 2003-жылғы 7-мамырдағы «Қазақстан қарулы күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру шаралары туралы» жарлығына сәйкес жасалған». Министр орынбасарының айтуынша, «Қорғаныс және ҚР Қарулы күштері туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігі 1993-жылғы заң ескіріп, қазіргі қолданыстағы заңнамаларға, атап айтсақ, президенттің жарлығымен бекітілген Қарулы күштер құрылымына қайшы келуіне байланысты туындады.
«Заң жобасына ұғым-түсініктер жинағы мен кейбір жаңа нормалар қамтылған. Атап айтсақ, онда Қазақстандық әскерилердің жауынгерлік шабуылдарға қатысу жайы көрсетілген»,- деді А.Тасболатов. ҚР Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, жаңа заңды қабылдау бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.
Мәжілісте мақұлданған заң жобасы сенаттың қарауына тапсырылды.