Ж.Тұяқбайдың айтуынша, сайлау кезінде сайлау комиссияларына «саяси технологияларды» пайдалану негізінде «өрескел әкімшілік қыспақ жасалды». Осыған байланысты мәжіліс төрағасы заңды жаппай бұзу оқиғаларына қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тартуға шақырды.
Сонымен бірге Ж.Тұяқбай «нақты мәліметтермен және нақты сандармен таныс емес екенін» хабарлады. «Бірақ өз басым Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгенін нақты білемін»,- деді ол. Өз округтері бойынша сайлауға түскен қазіргі 52 мәжіліс мүшесі де осы тектес ақпараттарды жеткізген. «Бұл жерлерде көптеген заң бұзушылыққа жол берілгеніне қарамастан, округке мүлдем бұрмаланған ақпарат жолданды. Бұл сайлауды мүлдем қажетсіз әрі обьективтілік аясынан тысқары етіп жіберді»,- дейді спикер.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай «Отан» партиясынан шығатынын мәлімдеді. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, ол «парламент сайлауы барысындағы былықшылықтарға қарсылық» белгісі ретінде осындай шешім қабылдаған. Ж.Тұяқбай Қазақстан президентіне парламент мәжілісінің өткен сайлауын заңсыз деп танып, жаңа сайлау белгілеу туралы өтініш жасады.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, егер сайлау заңсыз деп танылмаған жағдайда ол парламент депутаты деген құзыреттен, яғни, мәжіліс төрағасы лауазымынан бас тартады. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, «Отан» партиясының тізімінде бірінші орында тұрған» ол партия жеңіске жетуге байланысты «жаңадан шақырылған парламент мәжілісінің төрағасы қызметіне автоматты түрде тағайындалуы тиіс» болатын.
KZ-today тілшісіне «Отан» партиясы аппараты мен ҚР парламенті мәжілісіндегі сенімді ақпарат көзінен мәлім болғанындай, Ж.Тұяқбайдың кандидатурасы жаңа парламент мәжілісінің спикері ретінде қарастырылмаған.