Сөйтіп, парламентте қабылданды деп саналатын заң президенттің қол қоюына жолданады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сенаттың түзетулері заң жобасының кейбір нормаларын ҚР Ата заңы мен «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» заңына сәйкестендіруге бағытталған.
«Өзгерістер мен толықтырулар заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді. Қосымша қаржы жұмсауды талап етпейді. Сонымен бірге мәтінге де принциптік өзгерістер енгізбейді, негізінен олар заңның редакциясын жақсартуға бағытталған»,- делінген мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің қорытындысында.
Жалпы алғанда құжат қызметкердің денсаулығы мен өміріне нұқсан келген жағдайда пайда болатын міндеттемелерді міндетті түрде сақтандыру жүйесін ұйымдастыруға бағытталған басты принциптерді заңнамалық реттеуге бағытталған. Заңда жұмыс беруші мен сақтандырушы арасында міндеттемені сақтандыру туралы келісім-шартына дер кезінде қол қою, сақтандыру жағдайын обьективті әрі жан-жақты зерттеу, сақтандыру төлемін белгіленген мерзімде және толық өтеуге қатысты сақтандырушы мен сақтандыртушының жауапкершілігін күшейте түсетін нормалар енгізілген. Экономикалық іс-қызмет түрлері бойынша қызметкерлердің категориясы мен кәсіби тәуекел түріне сәйкес ең жоғары және ең төменгі сақтандыру сыйақысының көлемі де заң жүзінде белгіленген.