Парламент терроризмге қарсы іс-қимылды қамтыған заңды қабылдады
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. |
Тоқтала кететін жайт, құжатты Парламент қарауына Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасымен Мемлекет басшысы енгізген болатын. Құжат терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталады. Бұл ретте заң жобасымен мемлекеттік органдарды, қоғамдық институттарды, халықты тарта отырып, терроризмге қарсы іс-қимылдағы кешенді көзқарасты регламенттеу және осы салада, ең алдымен өңірлерде, профилактикалық жұмысты күшейту көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасымен қоғамдық қатынастардың әртүрлі салаларында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын бірқатар уәкілетті органдардың құзіретіне терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ «терроризмге қарсы іс-қимыл» ұғымы оның үш негіз құраушы бағыты бекітілген жаңа редакцияда жазылады. Атап айтқанда, бірінші - терроризм профилактикасы, яғни қоғам мен мемлекеттің барлық тіршілік саласында терроризмді туындататын және терроризм актілерін жасауға мүмкіндік беретін жағдайларды болдырмау. Екінші - террористік әрекеттерді анықтау, оның жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу. Үшінші - барлық күштер мен құрылымдарды жұмылдыру жолымен терроризм салдарын барынша азайту немесе жою.
Бұдан бөлек, «терроризм» ұғымы «күш қолдану идеологиясын» білдіретін жаңа қағидаттық мазмұнмен толықты. Құжат арқылы ҚР Қарулы Күштерін терроризм актілерінің жолын кесуге тарту тәртібі нақтыланады.
Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жолданады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін