Парламенттің осыған қатысты қаулысында үкіметке есептерді тыңдау барысында депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар мен ескертулерге мән беру туралы нұсқау берілді. Сондай-ақ, есепті жылы орындалмай қалған салық түсімдері мен бюджеттік тағайындаулардың орындалуын қамтамасыз етуге шара қолдану жөнінде нұсқау берілді. Сондай-ақ, бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалануға, дебиторлық және кредиторлық берешектерге жол берген бағдарламала администраторларына «қатаң шаралар» қолдану ұсынылды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үкімет пен республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің есептері бойынша мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті әзірлеген қорытындыға сәйкес, 2003-жылғы республикалық бюджеттің көрсеткіштері былай деп көрсетілген : бюджет түсімдері 722,0 млрд. теңге, бюджет шығындары 773,9 млрд. теңге. 2003-жылғы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге келсек: Жалпы ішкі өнім мөлшері 4449,8 млрд. теңге, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 9,2%. Жылдық орташа инфляция деңгейі 6,4%-ті, ал инфляциялық болжам 5,9%-ті құрады. АҚШ долларының бағамы 149,5 теңге болды. Сыртқы сауда айналымы өткен жылғымен салыстырғанда 31% немесе $21,2 млрд болды.
Бюджеттің кіріс бөлігінің жоспары асыра орындалуымен бірге, жекелеген кіріс түрлері бойынша түсім қамтамасыз етілмеді. Атап айтсақ, салыққа жатпайтын түсімдер түрі 76,4 процентке, капиталға қатысты операциялардың кірісі 94,6 процентке орындалды. Салық түсімдері бойынша жиналмай қалған қаржы көлемі 53,4 млрд. теңге , немесе, бюджет кірістерінің 8,2 процентін құрады.