Жалдамалы пәтер нарығы әрдайым сұраныста. Жақсы үй іздеп тапсаңыз, хабарландыруда әрдайым «депозит бар» деген талапты байқаймыз. Бұл қаншалықты заңды? Жалға алушы депозит төлеуге міндетті ме? Caravan.kz медиа порталының тілшісі пайдалы ақпаратпен бөліседі.
Депозит — бұл пәтер иесінің өзін-өзі сақтандыру тәсілі. Мысалы, жалға алушы төлем жасамай қашып кетсе немесе мүлікті бүлдірсе, үй иесі өз шығынын осы қаражат арқылы жабуды көздейді.
Заң тұрғысынан қарасақ, депозит міндетті төлем емес, ерікті жарна. Ол Қазақстан заңнамасында нақты реттелмейді. Krisha.kz заңгерлердің пікірін сұраған екен.
«Депозит — екі жақтың өзара келісімі. Үй иесі талап етсе, жалға алушы келісуге де, келіспеуге де құқылы. Тіпті соманы азайтуға келісіп, саудаласуға болады. Төлегіңіз келмесе, бұл да сіздің құқығыңыз», — дейді заңгер Бақыт Қасымбеков.
Дегенмен, нарықта депозитсіз пәтер табу өте қиын. Сондықтан өз мүддеңізді қорғау үшін сақтық шараларын қолданған жөн.
Депозитті қалай рәсімдеуге болады?
Заңгерлер келісімшартқа депозит шарттарын нақты жазуды ұсынады. Мысалы, құжатта «пәтерақыдан бөлек, осынша депозит сомасы берілді» деп көрсету керек. Сонымен қатар, ақшаны қайтару шарттары да анықталуы тиіс: егер мүліктің бүлінуі немесе коммуналдық қарыздар болмаса, депозит толық қайтарылады.
«Депозитті төлеу кезінде оны нақты белгілеу керек. Ақшаны аударым арқылы берсеңіз, хабарламада «пәтерге төленген депозит» деп көрсету қажет. Қолма-қол төлем болса, қолхат талап етіңіз. Ең тиімдісі, пәтерді «қабылдау-тапсыру» актісін жасау», — дейді заңгер Анара Отбасарова.
Бұл актіде пәтерге кірген кезде жиһаздың, техника мен басқа да мүліктің жағдайын суретке түсіріп, тіркеу керек. Сол кезде үй иесі депозитті негізсіз ұстай алмайды.
Қай жағдайда депозит қайтарылмайды?
Депозит келесі жағдайда ұсталып қалуы мүмкін:
— Клиент алдын ала хабарламай көшіп кетсе;
— Коммуналдық төлемдер бойынша қарыз болса;
— Үй мүлкі бүлінсе немесе жоғалса.
Үй иесі депозитті қайтармаса не істеу керек?
Заңгер Бақыт Қасымбеков келесі жолдарды ұсынады:
1. Депозит сомасына сәйкес пәтерде бір ай уақыт ақысыз тұру.
2. Сотқа дейінгі шағым жазу, егер нәтиже шықпаса, сотқа арыз беру.
Көп жағдайда үй иесі депозитті қайтармауға түрлі сылтау табады. Сондықтан клиент құжаттарды мұқият жүргізіп, құқықтарын қорғауы керек.