Пәтерақысын төлей алмағандарды пәтер иелері үйден қууда - kaz.caravan.kz
  • $ 519.28
  • 540.05
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Пәтерақысын төлей алмағандарды пәтер иелері үйден қууда

Пәтерақысын төлей алмағандарды пәтер иелері үйден қууда

Төтенше жағдай жарияланып, республиканың бірер қалаларында карантин енгізілгелі қазақстандықтардың дені жұмысынан босап үйде отыр.

  • 27 Сәуiр 2020
  • 46
Фото - Caravan.kz


Кейбірін тіпті қызметінен қысқартып жіберген. Мұндай жағдайда Астана мен Алматы сияқты ірі шаһарларда бірінші проблема баспана екені түсінікті. Жалдамалы үйде жан баққандардың жағдайы мәз емес! Кейбір пәтер иелері қысылтаяң шақта аренда құнын арзандатып жатса, кейбірі баспанасын жалдағандарды қуып шығыпты!

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
 
Айтып-айтпай не керек, пәтер жалдаумен өтуде, бұл қазақтың көп күні. Бір ғана елорданы алып қарасақ, қанша отбасының «арендатор» атанғанын бір Құдайдан басқа ешкім білмейді. Рас. Себебі, пәтерді жалға алу мен берудің тәртібі әлі күнге белгіленбеген. Көлеңкелі бизнес қызып тұр. Онсыз да пәтерақы арзан емес еді. Карантин енгізіліп, жұмыс тұралағалы бері төлем жасау тіптен қиындап кетті. Ұиналып жүргенердің бірі — Әйгерім Беркімбаева. Бір өзі төрт баласын асырап,  жатақханада тұрып жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты балдырғандарын туыстарына аттандырып жіберген. Қазір аядай бөлмеде жұмыссыз отыр. Сатушы болып еңбек еткен. 1 сәуірден бастап боссың деп есікті көрсетіпті.  

 Әйгерім Беркімбаева, көпбалалы ана:
«Коммендант бүгін кешке менің ақшамды күтіп тұр. Мен бүгін 53 мың теңге беруім керек квартирама. Менде бір тиын жоқ. 42500 алдым. Оны өткен айға төледім.  Тағы 42500 т.с ме жоқ па ол жағын білмеймін».

Қаза берсең мұндай оқиғалар шыға береді. Материалды әзірлеу барысында бірер азаматқа хабарластық. Дені туған-туыс бар деп мәселесін ашық айтуға ұялды. Классика. Жағдайы ушыққандар ашығын айтты.  

Бота Тұңғышбаева, қала тұрғыны:
«Ол кісі аренданың ақшасы  25-не дейін, сол уақытқа дейін тұр да квартираны босат деді.  Мен еш қарсылық білдірместен келістім.   Менің 3 балам бар. Жалғызбасты анамын. Еш алимент алмаймын. Өз жалақыма бала-шағамды асырап жүргенмін.  Ол жақтан көшіп кеттім. Қазір  16 квадрат бөлмеде общежитиеде тұрып жатырмын».

Бәрі бірдей емес. «Көппен көрген ұлы той!» деп, кей азаматтар квартиранттарға жеңілдік жасаған екен. Мұны пәтер жалдап тұратындар айтады.  

Асылайым Бекмұрат, Алматы қаласының тұрғыны:
«Көпбалалы ана Гүлзира Найманбаева және оның жолдасына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Себебі, ол кісі карантин жарияланған кезден-ақ,  өздерінің жеке кәсіптерінің тоқтап қалатынына қарамастан, бізге өздерінің жалдамалы пәтерлерінде  ақысыз, тегін тұруға өз келісімдерін берді».   

 Гүлнұр Исаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
«Айтайын дегенім Гүлмира Оңғарбайқызы! Сізге мың алғыс! Өзі көпбалалы ана бола тұра, бізге осындай көмек қолын созып жатыр.  Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!».

Ыңғайы келсе, өзің қысылып қалмасаң бір ай жеңілдік жасағанда тұрған не бар? Міне, осындай бастаманы қоғамға жүзі таныс азаматтар көтерді. Солардың бірі  Дәулет Мұқаев.

Дәулет Мұқаев, Блогер:
«Сіздер де білесіздер. Бұрыннан келе жатқан оқырмандарым біледі. Менде де квартиранттар бар былайша айтқанда. Дәл осы видеодан кейін мен де оларға 1 ай тегін тұруға өзімнің уәдемді беремін. Және қалған екі ай төлейтіндерін алдағы уақытта шегеріммен, отсрочка дейді ғой. Кейін жұмысқа орналасып, жұмысы жүріп кеткеннен кейін де төлей жатар».

Тағы бір мәселе, пәтерді жалға алушылардың көбінде үйдің иесімен келісім-шарты жоқ. Не дұрыс толтырылмаған. Ал карантин жағдайында Азаматтық кодекске сүйене отырып, далада қалмаудың жолын қарастыруға болады екен.

Шыңғыс Сефулла, Заңгер:
«Егер жалға алушы төтенше жағдай салдарынан табыс көзінен айырылса онда пәтер иесі одан пәтер ақысын талап етуге құқығы жоқ. Әдетте мұндай келісімдер екі тарап арасында жасалған келісім-шартта қарастырылып жатады. Заңға сәйкес, бұл жеңілдікке қол жеткізу үшін пәтерді жалға алушы пәтер ақысын төлей алмауының барлық себебін пәтер иесіне хабарлама жіберуі тиіс. Пәтер иесі мұнымен келіспеген жағдайда соттың заңды күшіне енген  шемімімен ғана жалға алушыны босатып шығара алады».

Карантин кезеңі осыған дейін де өзекті болған бірер проблемаға қайта тоқталуға итермеледі. Пәтерді жалға беру мен алудың неге бірыңғай жүйесі бекітілмеген? Талап неге қатаңдатылмайды? Көлеңкелі кәсіп кімге тиімді? Міне, басы ашық сұрақтар жетерлік. Бұл мәселе осыған дейін де айтылған және алдағы уақытта шешімі табылғанша айтыла бермек.