Павлодар облысында 8 ауыл, ал шығыста ондаған көлік қар құрсауында қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар облысында 8 ауыл, ал шығыста ондаған көлік қар құрсауында қалды

Павлодар облысында 8 ауыл, ал шығыста ондаған көлік қар құрсауында қалды

Еліміздің бірқатар аймақтарында дүлей боранның беті қайтар емес. Павлодар облысында ақтүтектің кесірінен 8 бірдей елді-мекен қалың қар құрсауында қалды. Дәл қазір бұл ауылдарға жету мүмкін емес. Алматы-Өскемен тас жолында да ондаған автокөлік қарға батып, 65 адамды құтқаруға тура келген. Таяқ тастам жер көрінбейтін боранға қарамастан жолға шыққандар діттеген жеріне жетпей, темір тұлпарларын тастап кетіп жатыр.Ал шығыста қатты жел үйлердің шатырын ұшырып, электр бағаналарын құлатты.

  • 17 Қаңтар 2013
  • 314
Фото - Caravan.kz

Екі күннен бері ұйытқыған қарлы боранда Павлодар облысындағы 8 бірдей елді-мекенмен көлік қатынасы үзілді. Мұнда әлеуметтік нысандар жұмысын тоқтатпаса да, азық-түлік жетіспеушілігі сезіледі.

Асан Смағұлов, Александровка ауылының тұрғыны:

— Жол болса, жоқ, азық-түлік жоқ. Бәрі бітті. Арнайы техника жүрмесе, уаз, джиптардың өзі жүре алмай далада қалды.

Алыс ауылдарға баратын жолдарды түгел тазалап шығуға қазір облыстың төтенше жағдайлар қызметі қауқарсыз. Құтқарушылар қазір санаулы техникасымен ең қауіпті деген аймақтарды ғана тазалап жатыр. Сондықтан байланыс үзілген ауылдарга көмектің дәл қазір жете қоюы екіталай.

Игорь Ермолаев, Павлодар облысы ТЖД бөлім бастығы:

— Қардан тазалайтын 200-ден аса техника мен мыңға жуық адам қазір жолдарды қардан аршып жатыр. Ауыл тұрғындары да көмектесуде.

Қарағанды қаласынан шығар жолдар кеше жабылды. Оған дейін Қарқаралыға аттанған бірнеше көлік белуардан келер қарға батып қалды. Алыстан келер көмектен күдер үзген олар өздігімен қар құрсауынан шығуға  әрекеттенуде.

Алматыдан Өскеменге бағыт алған көліктер де орта жолда қалып қойды. Құтқарушылардың көмегімен ондаған автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Абырой болғанда, ішінде болған 65 адам дін аман. Кейбірі темір тұлпарларын жол бойында қалтырып кетуге мәжбүр болды.


Шығыстағы Аягөз қаласында ойран салған боран көп қабатты үйлердің шатырын жұлып, бірнеше электр бағанын құлатты. Салдарынан тұрғын үйлер екі күннен бері жарықсыз отыр. Қазгидромет орталығы болса, ауа райының тосын сыйы мұнымен шектелмейтінін айтуда. Боран соңы сақылдаған сары аязға алмасады. Кей өңірлерде сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан мамандар алыс жолға шығудың аса қауіпті екенін кезекті рет ескертуде.