Жарияланды: 430

Павлодар облысында І жартыжылдықта ҮИИДБ бойынша 12 жоба жүзеге асырылды

Павлодар облысында І жартыжылдықта Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жалпы инвестиция сомасы 56,7 миллиард теңгенің 12 жобасы аяқталды. Және осы жобалардың арқасында 533 жаңа жұмыс орны құрылды,

деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Екі жоба республикалық Индустрияландыру картасына еніп отыр. Оның бірі - қуаты 325 МВт Ақсу №2 ЖЭО-ның жаңа энергоблогы (Еуразиялық энергетикалық корпорация). Агрегаттың құрылысы кезінде алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылып, оны басқару жүйесі толық автоматтандырылды. Жаңа қазандық агрегатында отынды жағу схемасы жақсартылып, өнімділігі арттырылды. Күлдің 99,9 пайызын ұстап қалатын бес сатылы электрсүзгісі орнатылды. №2 блок іске қосылған соң, стансаның жалпы қуаты 2 425 МВт жетті, қосымша 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Республикалық Индустриялық картаға кірген екінші жоба - «Қазақстанның вагон жасау компаниясының» жүк вагондарының өндірістік кешені. Бұл жоба туралы зауыт басшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған телекөпір кезінде баян етті. Кәсіпорынның жылдық қуаты 500 вагоннан 3 мың вагонға дейін арттырылып отыр. Ағымдағы жылдың екінші жартысында Павлодар облысында тағы 42 жоба жүзеге асырылады және ол жобалар 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін