Павлодар облысында малы ұрланған шаруалар полицейлерді айыптады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар облысында малы ұрланған шаруалар полицейлерді айыптады

Павлодар облысында малы ұрланған шаруалар полицейлерді айыптады

Павлодар облысында малы ұрланған шаруалар шу шығарды. Красноармейка ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекенде қойды отарымен айдап әкететін қылмыстық топ бар. Олар соңғы бірнеше жылда бес жүз басқа жуық төрт түлігінен айырылған. Ал жергілікті шенеуніктер мен полиция бұған көз жұма қарап отыр дейді халық. Тәртіп сақшылары болса, малына бас-көз бола алмаған иелерінің өздерін кінәлады.

  • 21 Қараша 2015
  • 236
Фото - Caravan.kz

-Соңғы бірнеше жылда Красноармейка ауылында бес жүзге жуық мал із-түссіз жоғалған. Жұрт бұған мұнда пайда болған қылмыстық топты кінәлайды.Тұрғындардың үйлерінде жоқтығын пайдаланған қарақшылар өзгенің мүлкіне күн-түн демей қол сұға бастаған. Ал соңғы рет жергілікті қожалыққа түскен олар қабаған иттерге дейін улап, қорадағы малды түгел айдап әкеткен.

Ай мен күннің аманында бар малынан айырылған Қабидолла Тезекбаев жанын қоярға жер таппай жүр. Қарақшылар оның 70 қойы мен 20 бас сиырын қорада тұрған жерінен айдап әкеткен. Бірден полицияға хабар берген шаруаның енді тәртіп сақшыларына өкпесі қара қазандай.

Қабидолла Тезекбаев, шаруа:

— Екі жыл, бес жыл бұрын ұрлағандар бар ғой. Неге оларды тергеп қыспайды?Бір түнде мені банкрот қылды да тастады мінекей.

Соңғы уақытта ұрлық жиілепті. Сондай-ақ, жұрт барымташылардың ауыл ішінде сыбайластарының барына да сенімді. Өйткені мал иелері жоқ кезде ғана тоналады екен.

Бекболат Асылбеков, Красноармейка ауылының тұрғыны:

-Бұл ұйымдастырылған топ бір. Ана үйдегі 3 қойды әзер қамайсың қораға, жиырма басты айдап әкету оңай нәрсе емес. Бір кісінің қолынан келмейді ол. Полиция келеді өзіңді кінәлап кетеді . Кілт салу керек, мына күзету керек, қарау керек. Енді сол малдың қасында жатамыз ба?

Полицейлер расында да тұрғындардың өздерін кінәлады.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Күндіз қоя береді. Оны қарамайды. Тек кешкілікте малын жинауға барған кезде болса алып келеді, болмаса полицияға жүгінеді. Дәл сол ұрлық болған күні ол түнгіге бір-екі ер адамды қалдырыпты. Олар жұмыс істемейді дәл сол күзетші болып. Сол күні олар ішімдік ішіп, мас күйінде жатқан.

Малынан айырылған жұрт енді прокуратураға шағым түсірмек. Ал облыс аумағымен қоса көрші Ресейге шығатын жолдарға бақылау күшейтілгенімен, ұры-қарылар әлі күнге дейін табылған жоқ.

Соңғы жаңалықтар