Павлодар облысында мектеп құлағалы тұр
Павлодар облысында оқушылар қабырғалары cыз тартқан мектепте білім алуға мәжбүр. Церковское ауылындағы білім ошағы 40 жыл бұрын салынған екен. Содан бері дұрыс жөндеу көрмесе керек, ғимарат іші жаз бойы жауған жаңбырдан кейін көгеріп, дәліздерінің қабырғасы мен төбесі жарылған. Салдарынан оқушылар мен ұстаздар шетінен сырқаттанып жатыр. Ал ескі мектепті жөндеуге биыл да көк тиын бөлінбепті. |
-Қырық жыл бұрын салынған мына нысан Церковное ауылындағы жалғыз мектеп. Қабырғалары әбден көгерген білім ошағының іші иістеніп кеткен. Соның кесірінен жаңа оқу жылында ауырып үлгерген оқушылар сабақтарынан қалуда. Сырқаттанған мектептің тағы екі қызметкері жұмысқа шықпай үйінде жатыр.
Айгүл Әмрина 20 жылдан бері ауыл мектебінде ұстаздық етеді. Сыз тартқан білім ошағында оқитын өзінің екі баласы да, өзге оқушылар да шетінен тұмауратып жатыр екен.
Айгүл Әмрина, мектеп мұғалімі:
-Мектептен келгенде киімдерінен көк иісі шығады. Балаларым жөтеледі.Оны үйге айтып келеді. Мектепке барғанда тамағым ауырады дейді.Үлкен балалар сосын оны үйретеді.
Жаз бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін онсыз да құты қашқан білім беру мекемесінің қабырғалары көгеріп кеткен. Ал директор мектептің мүшкіл жағдайынан ұялды ма, әйтеуір тілшілерді көре сала теріс айналып кетіп қалды. Дегенмен жауапкершілікті сезінсе керек өзі отырған кабинеттің төбесінен де судың аққанын көрсетіп, ақталумен болды.
Гүлнар Шәмшутдинова, мектеп директоры:
-Маған ондай нәрсені ешкім айтқан да жоқ.Мектебімізде дәрігер бар, осындай факт жоқ.16-шы жылға бізде жөндеу. 7млн 200 мың беріледі.
Ауыл мектебінің жаңа оқу жылына дайын еместігін осында келіп жеткен әкім де мойындады.Алайда 60 баланың бағдарламадан қалмай білім алуы үшін ауылдағы жалғыз мектептің жұмыс істеуіне рұқсат беруден басқа амалы болмапты. Бюджеттен бөлінуі тиіс қаражатты жаз бойы күткен шенеуніктер шатырды енді өз күштерімен жамауға кіріскен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін