-Далада тұрған мына құдыққа ыстық судың қайдан келгенін ешкім білмейді. Үй иелері әзірге суды тұрмыста ғана қолданып жатыр. Кенеттен пайда болған ыстық судың қайдан келіп жатқанын жергілікті шенеуніктер мен құтқарушалыр да анықтай алмаған.
Жиырма жыл бойы тастай сумен ғана отырған үй иелері енді ыстық судың рахатын көріп отыр. Тек әзірге буы бұрқыраған суды ішуге қорқады.
Николай Черноусанов, Железинка ауылының тұрғыны:
–Ел көлік жуу орталығын аш деп әзілдейді. Күнделікті тұрмыста ғана пайдаланып жатырмыз. Ауылдық жерде тегін ыстық судың болғаны жақсы, әрине.
Ыстық судың игілігін көріп отырған отбасына көршілері де қызыға қарайды. Алайда Черноусановтар ауыз суды енді тасып ішуге мәжбүр.
Галина Черноусанова, Железинка ауылының тұрғыны:
- Аяқасты пайда болған бұл судың сапасын білмейміз. Әбден көз жеткізген соң пайдаланбасақ, әзірге ауызсуды тасып ішіп жүрміз.
Тереңдігі он метрден асатын құдықтан аққан судың температурасы +50 градустан жоғары. Ал мамандар бұл құбылыс жайлы ешнәрсе айта алмай отыр.
Асқар Бүркітбаев, Железинка аудандық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:
-Менің тәжірибемде бұндай оқиға болған жоқ. Ыстық судың қайдан келгенін мен білмеймін. СЭС-қа сұраныс жібердік. Қорытынды нәтижесін біз күтіп отырмыз.
Ал тұрғындардың өздері түрлі болжамдарын жасап қойды. Бірі жер астындағы жанартаумен байланыстырса, екіншілері су әктасы бар жер қатпары арқылы өтетіндіктен қайнап кеткен дейді. Сондықтан оны күнделікті тіршілікте тұтынып отырған отбасы мамандардан пайдасы мен зиянын анықтап беруді сұрайды.
Loading...