Жарияланды: 1300

Павлодар облысында жаңа жыл мерекесі қарсаңында қарағайлы орманды қорғау шаралары күшейтілді

Павлодар облысында жаңа жыл мерекесі қарсаңында "Ертіс орманы" мемлекеттік табиғи орман қорығына қарасты қарағайлы орманды қорғау шаралары күшейтілді. Қорық аумағында қорықшылар мен полицейлерден құралған 20-дай мобильді топтар тәулік бойы кезекшілік жасауда. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Ертіс орманы" мемлекеттік табиғи орман қорығы" мемлекеттік басқармасының бас директоры Серік Теміршотов хабарлады.

Павлодар облысындағы қарағайлы нуда ағаш кесуге тыйым салынғалы бірнеше жыл болды. Сол себепті жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында облысқа Ресейдің шекаралас Омбы, Новосібір және Алтай аймақтарынан 30 мыңға жық шырша әкелінеді. Соған қарамастан Павлодар облысындағы қарағайлы орманда желтоқсан айында браконьерлік оқиғалары жиілей түседі. Биылғы жылы қорық құрылғаннан бері қарағайлы ормандағы күзет күшейтілген, алайда, көршілес ауылдардың тұрғындары желтоқсан айының басынан бері орманға қарағай кесіп алу үшін келе бастады. "Желтоқсан айында арбаға 5-6-дан қарағай тиеген ауыл тұрғындарын ұстау оқиғасы бірнеше мәрте тіркелді",- деді С.Теміршотов. Сондай-ақ, Павлодар облыстық ІІБ-ның жол полициясы қызметкерлері Шарбақты-Павлодар тас жолында 75 қарағай тиеп алған КамАз автокөлігін ұстады. Жүргізушінің қолында аталмыш жүкті тасымалдауға қажетті тиісті құжаттары болмай шыққан. Павлодар облыстық ІІБ жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қарағайлар қорық аумағынан кесіп алынса керек. "Қазір республикалық маңызды автожолдардың бойында, қаладан тысқары жұмыс істеп жатқан экипаждар ағаш тиеген көліктерге бақылау жасауда",- деп хабарлайды полицейлер. "Ертіс орманы" мемлекеттік табиғи орман қорығы 2003-жылы құрылған. Қорық құрамында қарағайлы нуы бар Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтары жұмыс істейді. Қорық 279 мың гектар алқапты иемденеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін