Павлодар тұрғыны тоғызқұмалақтың мобилді қосымшасын жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар тұрғыны тоғызқұмалақтың мобилді қосымшасын жасады

Павлодар тұрғыны тоғызқұмалақтың мобилді қосымшасын жасады

Павлодар қаласының тұрғыны, компьютерлік лингвистика маманы Ернар Шамбаев жұртшылыққа «Мастер тоғызқұмалақ» атты бағдарламасын ұсынды.

  • 5 Желтоқсан 2017
  • 170
Фото - Caravan.kz

Бүгінде ұялы телефондарға арналған бағдарламаны жүктеп алған қолданушылар қатары екі мыңнан асып түскен, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Ұялы телефонға бейімделген қосымшаның артықшылығы сол, ойында ұлттық ойынның ерекшеліктері ескерілген. Маманның айтуынша, бұған дейін жазылған бағдарламалар техникалық және зияткерлік жағынан әлсіз болған. 39 жастағы программист бұл ойынды смартфондарға бейімдеуге 10 жылын арнаған. Алғаш рет 1999 жылы ұлттық ойын бағдарламасын жасаған, дегенмен, компьютерлердің әлсіздігінен қолдау таппады.

«Әлемде «Тоғызқұмалақ» ойынына қызығушылық танытқан адамдар миллиондап саналады. Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде, тіпті Қытайда жоғары сұранысқа ие. Себебі, бұл зияткерлік ойын балалардың физикалық және ойлау қабілетін дамытуға зор үлесін қосады. Бүгінде ойынның компьютерлік бағдарламалары бойынша чемпионаттар ұйымдастырылып тұрады. Мен ойлап тапқан дүние алғашқы қосымша емес, көптеген ұқсас бағдарламалар бар. Дегенмен, тоғызқұмалақшылардың сөзіне сенсек, бұл бағдарлама өте ыңғайлы және кез келген деңгейдегі ойыншы қарсыласымен күш сынаса алады», — дейді Ернар Шамбаев.

Маманның айтуынша, ұлттық ойынның тереңіне бойлау үшін қазақ болып туу керек.

«Сіз Америка немесе Кореядан келген мықты программист болсаңыз да төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақтың бағдарламасын жаза алмайсыз. Себебі, қазақ халқының ұлттық танымын түйсік деңгейінде түсіну керек. Мен жапондықтардың ұлттық ойынын ойнай алмаймын, түсіне де алмаймын. Тоғызқұмалақтың ерекше тұстары көп. Мәселен, «Тұздық» деген ұғым бар. Оны компьютерге бейімдеу үшін біраз тер төктім», — дейді Ернар Шамбаев.


Идея авторы алдымен тоғызқұмалақтың қыр-сырын меңгерді. Ойнау қарымын шебер деңгейіне жеткізді.

«Ойынның мобильді нұсқасын жасау үшін бірнеше күн ұйықтамаған сәттер болды. Кез келген ойында «эншпиль» базалары деген ұғым бар, яғни ойынның соңы деген сөз. Бұл маман үшін — ең қиын тапсырмалардың бірі. Сонымен қатар, бұған математикалық мән беруім керек. Мысалы, «тұздыққа» математикалық анықтама беру өте қиын» , — дейді маман.

Павлодар облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Арыстан Қапаевтың айтуынша, смартфондағы бағдарлама жас спортшылардың жаттығуына қолайлы жағдай туғызады. Бұл ойын жаттыққан кезде жас тоғызқұмалқшылар үшін өте ыңғайлы.

Айта кетейік, бүгінде Ертіс өңірінде мамандандырылған 50 секция бар және орта мектептер мен аула клубтары жанынан үйірмелер ашылған. Ұлттық ойынға төрт мыңнан астам ұл-қыз ден қойған.

Соңғы жаңалықтар