Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қылмыстық топтың құрамында 25-27 жас аралығындағы үш жігіт, екі әйел болған. Бұлардың барлығы да пәтер тонаушылыққа байланысты бұған дейін сотталғандар.
Павлодарлық тонаушылар көбінесе көп қабатты үйлерде әрекет еткен. Үйден есігіне қытай құлып орнатылған және ағаш есігі бар пәтерлерді алдын- ала межелеп алып, үй иелері жоқ сәтте есікті бұзып кіретін болған. Пәтерден олар көбінесе тұрмыстық техникаларды тонаған. Ұрлықтан кейін такси шақырып, дүниелерді тиеп алып қылмыс орнынан іздерін жасырып отырған.
Тоналған дүниеледі базарда арзан бағаға сататын болған. Мәселен, 50 мың теңге тұратын теледидарды ұрылар 9 мың теңгеге сатыпты. Ұрланған заттардың біраз бөлігін қылмыскерлер арнайы жалданған пәтерлерде сақтаған. Тінту барысында тәртіп сақшылары осындай қойма-пәтерлерден аталмыш 50 үйден тоналған теледидарлар, компьютерлер, алтын бұйымдар, кілемдер мен киімдерді тапты.
Ұрланған заттарды сатудан тапқан ақшаны әлгі тұтқындар есірткі сатып алуға жұмсаған.
Облыстық ІІБ баспасөз қызметіндегілердің пайымдауынша, тергеу барысында бұдан басқа да пәтер тонау деректерінің беті ашылуы мүмкін.