Caravan Logo

Павлодарда алдау арқылы басқаның ақшасын иемденіп алған алаяқ ұсталды

Павлодарда алдау арқылы басқаның ақшасын иемденіп алған алаяқ ұсталды

"Полицияға шағымдана келген жәбірленушілер күдіктінің алдау арқылы оларды түрлі банктерден несие алып, ақшаны оған беруге мәжбүрлегенін жеткізген. Бірақ ол несиені өзі қайтаруға уәде берген", - деді ІІД баспасөз қызметінің бастығы, полиция майоры Жанар Біләлова.

Департаменттің хабарлауынша, "осы жылдың басында жәбірленушілерге банктерден хабарландырулар келе бастаған, соған сәйкес күдіктінің несиені қайтаруға ешбір әрекет жасамағаны белгілі болған". Алдын-ала мәліметке сәйкес, алаяқтың әрекеттерінен 20 адам зардап шеккен. Алынған несиенің көлемі 1 млн 300 мың теңгеге жеткен.

Жуырда жүзеге асырылған жедел іздестіру шараларының барысында күдікті қолға түсті. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 2, 3-тармақтары бойынша (аса ірі көлемдегі алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеушілер алаяқтан зардап шеккен адамдардың тізімі ұлғая түсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Олар кешікпей алаяқ әйелдің суретін жергілікті БАҚ-тарда жария етпекші.