Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 21 жастағы Мадияр Арғынбеков бес қабатты үйдің шатырынан секіріп жанын қиған болатын. Жауынгердің денесі 30-қарашада Павлодарда табылған. Өлерінің алдында жазып қалдырған хатта ол өзінен ересек әріптестері тарапынан қорлық көргенін жеткізген. Ақпарат көзінің хабарлауынша, қаза тапқан жігіт өз хатында әлімжеттік жасаған бір адамның аты-жөнін жазып қалдырыпты.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің өзара бағынышты емес әскерилер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу жөніндегі 370-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әскердің өз жанын өзі қию дерегін тексеру үшін арнаулы комиссия құрылды.
Әскери бөлімшедегі ақпарат көзінің хабарлауынша, әлімжеттік жасаған күдікті қазір гауптвахтада отыр.