Жарияланды: 490

Павлодарда ауыл балалары әкімдік пен мәдениет үйінде білім алып жүр

Павлодар облысындағы Лозовое ауылының оқушылары әкімдік пен мәдениет үйінде білім алып жүр. Өйткені елді-мекендегі ескі мектепті жөндеу жұмыстары кеш басталыпты. Онда да 70 млн теңге бюджет қаржысын қалтаға басқан мердігер фирма істі аяқсыз қалдырған. Енді жүзден аса оқушы мен 35 ұстаз екі ғимарат арасында тентіреп жүруге мәжбүр.

Сырт киіммен отырған оқушылар мәдениет үйінің мына бұрышын сыныпқа айналдырған. Ал кішкентай бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау әкімдікте соғылды. Содан бері әкімнің жеке кабинеті – олардың сабақ оқитын, тамақтанатын, қоңырауда демалатын әмбебап орын.

Сәлима Алтаева, Лозовое ауылының тұрғыны:

- Ол жерде әкім де отырады, хатшы да отырады. Бөлек мектеп болуы тиіс.

Бір қызығы оқу жылы басталғанда білім басқармасының бастығы облыстағы мектептер 100 пайыз оқу жылына дайын деп есеп берген еді.

Айжан Әлібек, тілші:

- Білім ошағы осыдан 30 жыл бұрын қаланған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мектеп іргетасы сол кездің өзінде сөгіле бастапты. Алайда жергілікті шенеуніктер бұл мәселені тек өткен жылы көтерді. Қызығы сол, күрделі жөндеуді оқушылардың жазғы демалысы кезінде емес, дәл оқу жылында бастауды жөн санапты.

Оған қазынадан 70 млн теңге де бөлінген. Алайда қыруар қаржыны қалталарына басқан мердігер фирма ескі ғимараттың іргетасын бекітіп, есік-терезесін ауыстырып, төбені жаңадан қаптаумен шектеліпті. 

Лидия Кошевец, мектеп мұғалімі:

- Құрылысшылар қақырап тұрған аязда мектепті айнала қазып, цемент құйды. Тиісті кептіру, нығыздау жұмыстары жасалған жоқ. Көктемде іргетасы тағы сөгіліп, опырылып құлай ма деп алаңдаймыз.

Енді білім берудің орнына ұстаздар құрылысшылардың кем-кетігін күні-түні жамап-жасқауға мәжбүр. Ауыл әкімі болса, жауапсыз мердігерге ренжімеген сияқты. Тіпті аяқсыз қалған жұмысты өзі-ақ бітіруге ниетті.

Болат Баймолдинов, Лозовое ауылының әкімі:

- Демалыс күні әкімдер, енді бір 7-8 округтің әкімдері келіп көмектесті. Сөз жоқ, бұл асарлық, енді ауылға көмек деген ниетпен. Біздің әкімдер кішкене ұйымшылмыз, қатынасымыз жақсы.

Әсіресе, мектепті биыл бітіретін оқушыларға обал болды. Ұлттық бірыңғай тестке дайындалудың орнына олар екі ғимарат арасында сандалып жүр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін