Полицияның ақпаратына сәйкес, 1-желтоқсан күні кешке Павлодардағы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтерде шыққан өртті сөндірген кезде кісі қолынан өлген әйел мен баланың мәйіттері табылған. Тергеу барысында анықталғанындай, 34 жастағы әйел қожайын пышақ жарақатынан қаза тапқан. «Төрт жарым жастағы қыз баланы ваннада суға батырып өлтірген екен»,- деп хабарлайды полиция.
Тергеу барысында оперативтік қызметкерлер қаза тапқан әйелдің пәтерін екібастұздық бір жас жігітке жалға беріп келгенін анықтады. 17 жастағы жігіт шұғыл іздестіру шараларының барысында өткен жексенбіде ұсталды. Тергеушілер қылмысқа бірнеше адамның қатысы бар деген жорамалды жоққа шығармайды.
Қазір күдікті уақытша тергеу қапасында отыр. «Күдікті бұған дейін де тонаушылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі»,- деп хабарлады полиция.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті