Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 9-қаңтарда Кутузов көшесінің бойындағы бір үйде 16 және 19 жастағы апалы-сіңлілі екі қыздың мәйіті табылған. Қыздар бұл пәтерді жалдап тұрған. Сараптама барысында қыздардың мойнынан буындырып өлтіру белгісі анықталған. Пәтерден екі алтын алқа ұрланған болып шықты.
М.Тұмарбековтың айтуынша, қыздар Павлодарға Ақтоғай ауданы Ивановка ауылынан келген. Қыздардың үлкені «Сургут» дүкенінде сатушы болып істесе, кішісі педагогикалық колледждің бірінші курсында оқыған.
Тергеу барысында белгілі болғанындай, сол күні пәтер қожайынының 30 жастағы туысқаны кіші қызға хабарласа кіріп шыққан. Ол қызға 2 мың теңге берешек болған. Қарызды талап еткен қызды жігіт буындырып өлтірсе керек. Қылмысқа куәгер болған үлкен қызды да қаныпезер буындырып өлтіреді.
Қыздардың тамыр-таныстарын тексеру арқылы тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Жасаған қылмысын тұтқын бірден мойнына алды. Бұған дейін де екі кісі өлтіріп, 10 жыл қамауда отырған күдікті 2004-жылы бостандыққа шығыпты. Сондай-ақ, күдіктінің алыс туысқаны әрі сыбайласы болып табылатын бір адам ұсталды.
Сондай-ақ, облыста қаңтар айында жасалған екі кісінің өліміне қатысты тағы бір іс әшкереленді. Томск көшесінің бойындағы жеке меншік үйден бір еркек пен әйелдің мәйіті табылған болатын. Оларды өлтірді деген күдікпен 21 жастағы жігіт қамауға алынды.
Жыл басынан бері облыста 134 қылмыс тіркелді. Олардың 118-і әшкереленді.