Жарияланды: 550

Павлодарда кісі өлтіргендігі үшін іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

19-қаңтар, дүйсенбіде Павлодарда такси жүргізушісін өлтіргені және полиция қызметкелеріне шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген Сергей Әбілқайыров есімді қылмыскер ұсталды ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісіне Павлодар облыстық ІІБ-ның баспасөз қызметінен.

Қылмыскер Павлодардағы бір спорт мектебінің маңында ұсталды. Тұтқындау кезінде Макаров тапаншасымен қаруланған С.Әбілқайыров тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті. Соның салдарынан полицейлерге оған қарсы ескерту және жеңіл жарақаттау мақсатымен екі оқ атуға тура келіп, қылмыскер сол иығынан жараланды. Қазір С.Әбілқайыров Павлодар қалалық бірінші ауруханада жатқызылып, жанына күзетшілер қойылды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 44 жастағы С.Әбілқайыров 2002-жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол Мәскеу маңындағы атышулы Солнцево қылмыстық тобының құрамында болған деген дерек бар. С.Әбілқайыровқа 2002-жылдың желтоқсан айында облыс орталығының тұрғынын өлтірді деген айып тағылып отыр. Сол кезде үш қылмыскер жеке тасымалмен айналысушы таксисті буындырып өлтіріп, оның көлігімен облыс аумағынан шығып кетуге талпыныс жасаған болатын. Соңдарынан өкшелей қуған тәртіп сақшыларынан құтылу үшін олар ішінде жүргізушінің мәйіті бар көлікті Павлодардағы үй аулаларының біріне тастап іздерін жасырған. Бірақ кісі өлтірушінің екі сыбайласы қолға түсті. Бұнымен шектелмей, халықаралық іздеу жарияланған С.Әбілқайыров 2003-жылдың қыркүйек айында екі бірдей тәртіп сақшысын жаралап кетті. Полицияның солтүстік бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері, полиция майорлары Арман Сәбиев пен Құжат Кенин жедел шаралар барысында халықаралық іздеудегі С.Әбілқайыровқа ұқсас адамды байқап қалады. Күдікті адамнан құжаттарын сұраған тәртіп сақшыларына қарсы әлгі оқ ата бастайды. Сөйтіп, жараланған полиция қызметкерлері ауруханаға түсіп, қылмыскер ізін жасырып үлгерді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін