Бүгін, 30-қарашадағы жағдаймен 40 адам қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Жеті адамның, соның ішінде 4 баланың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Олардың арасында зардап шеккен ең кішкентай сәби — төрт жасар ұл да бар. 33 адам орташа деңгейде уланған. Жеңіл уланған тағы бес адам ауруханаға жатқызылған жоқ.
Зардап шеккендердің барлығы да тағамнан улануға тән клиникалық белгілермен келген (құсқысы келу, дене қызуы көтерілу). Адамдардың улануына Павлодардағы Крупская көшесі, 76-үйде орналасқан кондитерлік цехта өндірілген «бал» және «ұлу» атты тәтті тоқаш өнімін тұтыну түрткі болған. Көтерме саудагерлер өнімді цехтан сатып алып, қаладағы бес сауда орны арқылы халыққа сатқан. Осыған байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма уланған адамдар санының арту мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Мемлекеттік санэпид қадағалау қызметі цехтың жұмысын тоқтатты. Өнім сауда орындарынан алынды. Сондай-ақ, қазір цехта өндірілген басқа да өнімдер тексерілуде.