Ведомствоның хабарлауынша, полицияға жергілікті мешіттердің біріне барып жүретін екі адам арызбен жүгінген. Олардың айтуы бойынша, белгісіз адамдар мешіттің киім ілетін орындарында ілулі тұрған күртешенің қалтасынан ақша, банк карталарын және басқа да бағалы заттарды ұрлаған.
«Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адамдар оның күртешесінен былғары портмоне, 60 мың теңгеге жуық ақшалай қаражат және құжаттарды ұрлаған. Бірнеше күннен кейін полицияға осыған ұқсас арызбен тағы бір жәбірленуші жүгінді. Ол жергілікті мешіттердің бірінде барсеткасының, 15 000 теңге ақшасының ұрланғанын айтты», — деп хабарлайды Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметінен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасады деген күдікпен 1994 жылы туған Павлодар қаласының тұрғыны ұсталды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан.
«Тергеу барысында күдіктінің мешітке кіріп, келушілердің аңқаулықтарын пайдалана отырып, кіре берісте тастап кеткен сыртқы киімдердің қалтасынан ұрлық жасағандығы анықталды. Кейін көзге түспей қылмыс орнынан ізін суытқан. Қазіргі уақытта полицейлер оның облыс орталығы аумағында жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде», — делінген хабарламада.
Аталған жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.