Павлодарда мүгедектерге арналған көтергіш құрал ойлап табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 520.93
  • 609.07
+28 °C
Алматы
2025 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда мүгедектерге арналған көтергіш құрал ойлап табылды

Павлодарда мүгедектерге арналған көтергіш құрал ойлап табылды

Павлодарда мүгедектерге арналған көтергіш құрал ойлап табылды. Ең қызығы оны құрастырғандар мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері. Енді олар ыңғайсыз пандустар мен қыс болса қажетке жарамайтын арнайы баспалдақтарға зәру емеспіз дейді. Мүгедектер өздері ойлап тапқан лифттерді жаппай қолданысқа шығаруды да жоспарлап отыр. Ал оларға жанашырлық танытқан жергілікті билік бұл жобаға 5 миллион теңге қаржы бөлмек.

  • 3 Желтоқсан 2010
  • 632
Фото - Caravan.kz

Жарты ғұмырын төрт қабырғаға телмірумен өткен Виктор Лукичев сыртқа сирек шығады. Қарапайым баспалдақты былай қойғанда, мүгедектерге салынған сатының өзі арбадағы адам үшін алдыртпас асу. Үйінен қозыкөш жерде орналасқан дүкенге жеткенше өкпесі өшіп дәрменсіз күйге түсетін жанға бұл көтергіш қондырғы көп күттірген қуаныш. Виктор енді қалаған уақытында ешкімге жәутеңдемей-ақ қажет жеріне емін-еркін барып келе алады.

Виктор Лукичев, І топтағы мүгедек:
-Бұл құрылғыны достарыммен бірге құрастырдық. Олар ақыл кеңес беріп, көмектесті. Қазір ешқандай қиындық жоқ. Өз күшіммен көтерліп, түсем.

Құрылғыны мүгедектер металл қалдықтарынан құрастырған. Сызбасын ғаламтордан тауыпты. Бірнеше темір тірек пен көліктің аккумуляторын да қажетке жаратқан. “Арбаға таңылған кейпімізге қарап көкірек керетіндерден” қиялымыз әлдеқайда ұшқыр дейді олар.

Георгий Четвериков, Павлодар облыстық “Оптимист” мүгедектер қоғамының төрағасы:
-Біз бұл құрылғыдан өзге, мүгедектерді қауызға түсіретін, тіптен әжетханаға отырғызатын құралдар жасай аламыз. Автокөлікке де өз беттерімен міне алатын болады.

Керекулік мүгедектердің бұлай дейтін жөні де бар. “Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүшкіл хәлін түзетеміз деп сырттан құрылғы тасымалдауды әдетке айналдырған шенеуніктер өтірік өзеуреуді доғаруы қажет. Керек құралды өзіміз-ақ жасауға қауқарлымыз” дейді жоба авторлары. Осыны түйсігіне түйген жергілікті әкімдік енді бұл бастамаға 5 миллион теңге қаржы бөлмек.


Владимир Берковский, Павлодар облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Біз бұл жобаны толық қолдап отырмыз. Келесі жылдың бюджетінен қаржы қарастырып, көтергіш құралдарды құрастыруға мүмкіндік жасаймыз.

Қашанғыдай келесі жылдың қамбасына иек артып, артынан әттеген-айлап отырмаса болғаны керекуліктер. Жасыратыны жоқ, бұл әкімдіктердің жиі жасайтын қарекеті. Ал мүгедектер енді жолаушылар вагондары мен жергілікті үш вокзалды дәл осындай көтергіш құрылдармен жабдықтауды жоспарлап қойыпты.