Жарты жыл өтсе де қайғыдан қан жұтқан Харки Арлидің жұбайы басынан қара орамалын шешпепті. Алғашқы сот отырысына үш жасар қызын ертіп келген Фәтима Гейсырова тілшілермен де сөйлескісі жоқ. Күйеуінің қазасынан кейін төркініне кетіп қалған келіншек бүгін сотта оқиға куәгерлерін тыңдап жағасын ұстады.
-Аялдамада құрбыммен тұрған едім. «Көмектесіңдер» деген дауысты естіп, жолдың ар жағына бардық. Қансыраған полиция қызметкерін көргенде шошып кеттік. Құрбым оның мойнынан атқылаған қанды тоқтатуға тырысты. Ал мен жедел жәрдем шақырдым.
Сөйтсек, қаскөй үйдегі ұрыс-керістен кейін өшін жұмысында жөніне отырған учаскелік инспектордан алыпты. Тәртіп сақшысының жалғыз отырғанын пайдаланған Бауыржан Тасыбаев құжат керек деп сылтауратып, бөлімшеге кірген. Кейін қойнындағы пышағын алып шығып, полицейден тапанша беруін талап етеді. Ақыры сөзге көнбеген 30 жастағы Харки Арлиге сегіз жерден пышақ салған. Енді қаскөй мұны қызбалықпен жасағанын айтып ақталуда.
Сотталушы:
—Аффект үстінде не істеп не қойғанымды білмей қалдым.
Құмар ойындарға әуес азамат полицейдің тапаншасынан атылып өлмекші болған көрінеді. Қаскөй қылмыс орнына із суытқанымен, көп ұзамай вокзал маңынан құрықтаған болатын.
Тасыбаев Қылмыстық Кодекстің үш бірдей бабы бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. 33 жастағы азаматтың полиция қызметкерін өлтіргені дәлелденсе өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның «ашу үстінде қылмыс жасадым» деп ақталғаны да, үшемнің әкесі атанғаны да жазасын жеңілдетпейтін сыңайлы.