Жарияланды: 340

Павлодарда қайырымдылық қорға қатысты шу шықты

Павлодарда «Творитель» қайырымдылық қорына қатысты дау шықты. Сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары қор басшысы Оксана Корнацкаяны алаяқ деп айыптап отыр. Айтуларынша, ол әйел мүгедек балалардың емес, жеке басының қамын күйттеп жүр. Көмек сұрап келгендердің бәріне қаржылай қол ұшын берем деп ант су ішетін көрінеді. Алайда «уәде еткен көмекті көргеміз жоқ» дейді ашынған ата-аналар. Қазір бұл іске прокуратурадағылар араласты.

Тумасынан сал ауруына шалдыққан 7 жасар Сашаға бірнеше қымбат операция қажет. Алайда қалтасы жұқа отбасының ақша таппай, көмекті «Творитель» қайырымдылық қорынан сұраған. Қор басшысы Оксана Корнацкая бір апта көлемінде ақша аударамыз деп уәде беріпті. Ақыры Новосібір қаласында жасалған ота құнын Сашаның ата-анасы қарызданып-қаптанып өздері тапқан.

Людмила Ченадец, Александрдың әжесі:

- Қор шынымен мұқтаж жандарға көмектесіп жатқанына күмәніміз бар. Себебі Оксана Корнацкая басқа ата-аналарға «Сашаның операциясын біз төледік» деп ұялмай айтып жүр екен. Біз болсақ құр сөзден басқа, одан көк тиын да көргеміз жоқ.

Жер-жерде ақша салатын жәшіктері орнатылған  «Творитель» қайырымдылық қорының басшысы Оксана Корнацкая осылайша тағы бірнеше ата-ананы алдап соққан. «Қайырымды» жанмен біз де кездестік, алайда қор шотына аударылатын қаржының қайда, қалай жұмсалатыны жөнінде нақты жауап ала алмадық.

Оксана Корнацкая, «Творитель» қайырымдылық қорының директоры:

- Сіз маған сұрақ қойып тұрсыз ба? Бір жарым жылда қанша ақша жиналды дейсіз бе? Сұрақтарыңызды түсінсем бұйырмасын!

Ақыры бір жарым жылдай жұмыс істеп келген қордың осы уақыт көлемінде 688 мың теңге ақша тапқанын анықтадық. Алайда оның тең жарымы, жалға алып отырған офистеріне төленеді екен. Ал Оксананың өзі айлықсыз тегін жұмыс істеп жүрген жайы бар-мыс.

«Творитель» қайырымдылық қорының шұғыл операция қажет бірнеше сәбиге тек демеуші тауып берумен шектеліпті. Қазір ашынған ата-аналардың арыздары бойынша прокуратура тергеуді бастап кетті. Қызығы сол, бұл дау басталғалы қаланың көптеген сауда үйлерінде орнатылған ақша салатын жәшіктер ғайып болды. Сондай-ақ жарнамасы жер жарған сайттары да жұмысын тоқтатқан.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін