Жарияланды: 440

Павлодарда қаржы полициясы "Нарконон" орталығынан алған материалдарды сараптамаға жіберді

Павлодар. 25 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Павлодарда қаржы полициясы "Нарконон" орталығынан алған материалдарды сараптамаға жіберді, деп хабарлайды агенттік тілшісі облыстық Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментіне сілтеме жасап.

Қаржы полициясы "Нарконон" орталығының емдеу мекемесі болып тіркеліп бірақ ұзақ уақыт бойы Рон Хаббардың діни уағыздарын насихаттаумен айналысып келгенін әшкереледі. Бұл ұйымдарға әлемнің көп елдерінде тыйым салынған. "Нарконон" былайғы жұртқа нашақорлықты емдеу орталығы ретінде белгілі. Бірақ оның негізінен діни насихатпен айналысып келгенін айғақтайтын дәлелдер орталықтың ғимаратын тінткен кезде табылды. Құқық қорғаушылар 130 қорапқа салынған күдікті дәрі-дәрмектер мен діни әдебиеттер және мыңға жуық адамның деректері жазылып "құпия" деп белгі соғылған мәліметтер базасын тәркіледі. Құжаттардың арасында ұйымға ақшалай жомарттық жасау туралы келісімдер, дін қызметкерінің атағын беру туралы сертификаттар да бар. Қаржы департаменті бастығының орынбасары Талғат Сәдуақасовтың айтуынша, табылған дәрі-дәрмектердің көпшілігі Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген. Құжат бойынша есірткіге тәуелділікті емдейтін мекеме деп көрсетілгенімен ондай іспен айналысуға лицензиялары да жоқ болып шықты. Мекеме қызмет көрсетуді "жабық есік" жағдайында өткізіп келген. Сондықтан мамандар олардың қабылдауында болған сырқаттарға алаңдаушылық білдіруде. "Тазару" деп аталатын емдеу курсында сырқаттарға нейролингвистикалық бағдарламалау әдісі қолданылуы мүмкін деп жорамалданды. Яғни, адамды есінен алжастырып санасына әсер еткен болар дейді мамандар. "Нарконон" орталығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін